Қазақстанның сыртқы қарызы ұлғайып бара жатыр деген әңгімелерді соңғы жылдары көп еститін болдық. Таяуда осыған қатысты ҚР Ұлттық банкі еліміздің кімге қанша қарыз екендігі жайлы ақпар таратты. Ұлттық банк өкілдерінің айтуынша 2014 жылдың жартысына дейін еліміздің сыртқы қарызы 155,5 млрд долларға жеткен. Қазақстанның әсіресе Нидерланды корольдігіне берешегі көп екен.
Сыртқы қарызымыздың басым бөлігін, атап айтсақ 128,9 млрд долларды АҚШ валютасымен, 2,7 млрд долларды еуро, 829 млн долларды жапон йенасымен қайтаруымыз керек. Жоғарыда айтылған 155,5 млрд қарыздың 10,6 млрд-ы банк секторының, екінші деңгейлі банктер мен Қазақстан даму банкінің, тағы 5,8 млрд доллар – Ұлттық банк пен ҚР Үкіметінің қарызы екен. Қалған қарыздар басқа секторлардың, банктік емес қаржылық корпорациялар, қаржылық емес корпорациялар мен тағы басқа құрылымдарға тиесілі.
2014 жылдың ІІ тоқсанында еліміздің қарызы 4,1 млрд долларға өсіпті. Бұл «басқа секторлардың» қарызы көрінеді. Мемлекеттік секторлардың қарызы болса керісінше, 92,7 млн долларға азайыпты. Банктердің қарызы 108,1 млн-ға өскен. Ұлттық банктің сыртқы қарызы 64,5 млн-ға қысқарса керек.
Дәурен ӘБДІРАМАНОВ
«Оңтүстік Рабат», №46, 12.11.2014