Тыл ардагерлеріне жәрдемақы төлене ме?

Редакциямызға хабарласқан көптеген оқырмандар «Жеңістің 70 жылдығы келе жатыр. Соғыс ардагерлерін құрметтеу, марапаттау дұрыс іс. Дегенмен, соғыс жылдарында екінші майдан-тылда еңбек еткен, аянбай тер төккен, азық-түліктен бастап, қолғап тоқып, оқ-дәрі жасап майданға аттандырған, сол арқылы Жеңістің жақындауына өзіндік үлес қосқан тыл ардагерлері неге ұмытылып қала береді? Оларға мемлекеттен қанша жәрдемақы төленеді? Оны қалай алуға болады?» деген сауалдарын көлденең тартуда. Осы сауалдарды біз өз тарапымыздан ҚР Денсаулық және әлеуметтік даму министрлігі ОҚО бойынша департаментінің әлеуметтік қамсыздандыру басқарма басшысы Әнуар Ілесбаевқа қойған едік.

– «ҚР арнаулы мемлекеттік жәрдемақы туралы» 1999 жылдың 5 сәуіріндегі №365-1 Заң талабына сәйкес Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегі және мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы КСРО ордендерімен және медальдарымен наградталған адамдарға, сондай-ақ мемлекеттік наградалармен наградталмаған, 1941 жылғы 22 маусым мен 1945 жылғы 9 мамыр аралығындағы кезеңде кемінде 6 ай жұмыс істеген адамдарға, айлық есептік көрсеткіштің – 2,13 мөлшерінде, яғни 2014 жылдың 1 сәуірінен бастап 3945 теңге көлемінде арнаулы мемлекеттік жәрдемақы тағайындалады. Осы Заңның талаптарына сәйкес бір уақытта бірнеше негіздемелер бойынша жәрдемақы алуға құқығы бар азаматтарға, жәрдемақы олардың қалауы бойынша тек бір негіздеме бойынша ғана беріледі, – дейді Ә. Ілесбаев.

45-008

Айтпақшы…

Байқау өтеді

Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арналған ардагерлердің және ардагерлер ұйымының шығармашылық ұжымдарының «Қайран ерлер, қаһарман ардагерлер!» облыстық фестиваль-байқауы ұйымдастырылып отыр. Төменде сол байқаудың бағдарламасын ұсынып отырмыз. Келіңіз, көріңіз!

6 қараша:

«Қайран ерлер, қаһарман ардагерлер!» облыстық фестиваль-байқауының салтанатты ашылуы мен ән жанры, аспаздық шығармашылық байқауы өтеді.

Өтетін жері: Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармония

Басталуы сағат: 10.30

Аспапта орындау, би жанры бойынша байқау және қылқалам, қолөнер шеберлерінің көрмесі.

Өтетін жері: Облыстық опера және балет театры

Басталуы сағат: 11.00

7 қараша:

Ақындар айтысы және мүшәйра.

Өтетін жері: Облыстық әзіл-сықақ және сатира театры

Басталуы сағат: 11.00