Шымкентте төрт жыл бұрын тоқтап қалған кәсіпорындар қайта іске қосылды. «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі мен оның еншілес құрылымы — «Қазақстанның инвестициялық қоры» бірігуі нәтиежсінде «Ютекс» және «Меланж» тоқыма фабрикалары іске қосылды. Өндірісті «Қазақстан Даму Банкі» қаржыландырып отыр.
Шымкентте мақта талшығын өңдеу ісі соңғы жылдары қаржы мен шикізаттың жоқтығынан тоқтап қалған еді. Сөйтіп, «Ютекс» және «Меланж» тоқыма фабрикаларының жұмысы тұралап, екі нысан да жабылып қалған болатын. Биыл екі кәсіпорын «Қазақстанның инвестициялық қоры» акционерлік қоғамына берілді. Осының нәтижесінде тоқырап қалған тоқыма өндірісіне жан бітіп, мақта талшығын шығаратын желілер іске қосылды.
Ерлан Айталиев, «Қазақстанның инвестициялық қоры» АҚ басқарма төрағасы: «Елбасының жеңіл өнеркәсіп саласын дамыту жөніндегі тапсырмасына сәйкес, «Бәйтерек» ұлттық басқару холдингі бұл нысандардың жұмысын жүргізу бойынша нақты механизмдерді жасады. Соған сәйкес біздің еншілес компаниялар барлық өндіріс кезеңдерін бақылау және шикізатпен қамтамасыз ету бойынша міндеттемелерді атқаратын болады.»
[youtube]http://youtu.be/5W_Aggu2MXw[/youtube]
Жоба сәтті жүзеге асса, екі фабрикадағы жіп өндірісінің қуаты жылына 8,4 мың тоннаны құрайды. Ал дайын тоқыма өнімінің көлемі жылына 10,6 млн. метрге дейін жетеді деген жоспар бар. Бүгінгі таңда фабрикаларда 400-ден астам адам жұмысқа тартылып отыр.
Үш тоқыма кәсіпорыны толыққанды жобалық қуатына жеткен кезде барлығы екі мыңнан астам адам тұрақты жұмыс орындарымен қамтамасыз етілмек. Оған қажетті қаражат қазірден бастап бөлініп қойылған.
Ринат Сейсенбаев, «Қазақстанның даму банкі» АҚ басқарма төрағасының орынбасары: «Қазақстанның даму банкі» осы жобаға 64 млн. АҚШ долларынан аса қаржы бөліп жатыр. 5 млн. «Ютекс кз» өндіріс кешенінің құрылысын аяқтауға, 59 млн. доллар шикізат мақта алуға жіберіледі.»
Өндіріс орнында негізінен төсек-орын тыстары мен түкті сүлгілер шығарылып, арнайы киімдер тігіледі. Қазірдің өзінде бұл өнімдерді сатып алу үшін «Қазақстан теміржолымен» ұзақ мерзімді келісім-шарт жасалып отыр. Бұдан бөлек тоқыма жіптері мен сүлгі маталар Қытай мен Еуропа елдеріне экспортталмақ.
[youtube]http://youtu.be/vB_JKeHojzE[/youtube]