Мәдениет басқармасының басшысы өз есебін құр мақтау сөзден бастамады. Өткізген мәдени-іс шараларын да тізбектеп шықпады. Облысымызда жаңа мәдени нысандар жұмысын бастайтынын сүйіншілеп жариялады. Басқарма басшысы Күлия Смайылханқызы желтоқсан айында «Түркістан» сарайы, облыстық қазақ драма театры, тарихи-өлкетану мұражайы, әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығы және көркемсурет галереясының қосымша ғимараты ашылып, пайдалануға берілетінін мәлімдеді.
Басқарма басшысы бұдан бөлек биыл облыс мұражайлары 4557 жаңа жәдігерлермен толыққанын жеткізді. Осы орайда бізді облыстық тарихи-өлкетану мұражайы жайғасып жатқан жаңа ғимараттың жағдайы алаңдатты. Себебі жуырда ғана мәдени ошақтың директоры Гүлнәр Саматқызы өз сұхбатында жаңа мұражайға экспонаттар сыймауы мүмкін, мекеме таршылық етеді деп мәлімдеген-ді.
Күлия Айдарбекова, облыстық мәдениет басқармасының басшысы: «Сыяды-сыймайды деп мен нақты айта алмаймын, себебі, біздің 151 мың жәдігер-қорымыз бар. Ал ескі ғимарат бенелеу өнері мұражайы болады. Шымкент қаласының ауқымы кеңейіп жатыр, 3-қала болады деген мақсат болғандықтан, қаламызда мұражайлар көбейеді, мәдениет нысандары да көбейеді.»
Естеріңізде болса, осыдан 9 ай уақыт бұрын облыстық өзбек драма театры ұжымы жаңа нысан қажеттігін айтқан. Әртістердің айтуынша, 2011 жылы қолданысқа берілген ғимарат мүлдем талапқа сай келмейді. Реквизит сақтайтын, гардероб бөлмелері жоғын қоспағанда сахна биіктігін тағы да 7 метрге көтеру қажет. Тіпті нысан ашылғанда жасақталған техниканың да тозығы жеткен. Айтылған сыннан басқарма басшысы қорытынды шығарыпты.
«Қазір толыққанды жұмыс жасауға өзбек театрының мүмкіндіктері бар, қосымша ғимарат жөнінде құжаттамалары дайын, біз ұсынысты келесі жылғы бюджетке беріп отырмыз» дейді басқарма басшысы Күлия Айдарбекова.
Бұдан бөлек биыл 4 ауылдық мәдениет үйі пайдалануға беріліпті. Басқарма басшысының сөзіне сенсек, мәдениет саласы кітаппен де толықты. 152 мың кітап жергілікті кітапханаларға жеткізілген. Бұл үшін қазынадан 24 млн. теңге қаржы қаралған еді.