Шымкентте жолаушылар тасымалы саласы ақсап тұр. Мұны қарапайым халық та, билік те растайды. Екіншісі бас ауыртып аялдамада тұрмайды, бір-бірімен жарысқан автобусқа мінбейді. Ал қараша қалағанын жасайтын қоғамдық көлік иелерінің барлық қылығын көтеріп-ақ келеді.

Әсіресе, қала шетіндегі шағынаудан тұрғындарының көрген күні қараң. Таяуда түсіру тобы «Ынтымақ», «Тұрлан», «Достық», «Самал-3» шағынауданына арнайы барып, жергілікті тұрғындарға қызмет көрсететін қоғамдық көліктердің қызмет сапасын бағамдап қайтты.

№38 қоғамдық көліктің ішкі көрінісі
№38 бағыттағы қоғамдық көліктің іші

«Ынтымақ» шағынауданың тұрғындары таңсәріден жұмыстарына асығып, жарты жолға дейін жаяу баруды әдетке айналдырған. Көлікке сыймай қаламыз ба деп қорқады. Сағат таңғы 07:30. Сағат 9-да басталатын жұмысқа асыққан ағайын жол азабын әбден тартқан. Мұнда №38 бағыттағы көлік жүреді. Тар «Газельге» сыймай қалатындары да көп. Солардың бірі түсіру тобы тұрған аялдамаға тоқтаған да жоқ. Өйткені орын жоқ.

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=K-9itUzgFpg[/youtube]

Он бес минуттан кейін келесі көлікке міндік. Ішінің тарлығы сонша, аяқ қояр орын жоқ. Мұны түсіндірген кондуктор «Бұл жерде адам көп. Тоқтамай кетсек тағы болмайды. Жұмыстан кешігеді. Үлкен автобус керек. Ал біздің компанияда ондай ақша жоқ.» дейді.

Ал қала ортасына жетуді діттеген жолаушылардың мұндай жағдайға еті үйренген. Барды қанағат тұтып, санаулы орынға жайғасқандарына риза. «Ынтымақ» шағынауданынан шыққан №38 бағыт көлеміне қарамай «Тұрлан» шағынауданына да соғып өтеді екен. Әр аялдама сайын көлікке мінген жандар көбейді. Сыймай қалғаны қаншама.

Қала шетіндегі шағынауданның бірі – «Самал-3». Мұнда № 91, 121, 93, 101 бағыттағы көліктер қатынайды. Әл Фараби көшесіндегі жолды кеңейту жұмыстары онсыз да әзер қатынайтын автобустардың бағытын қиындатып жіберген. Ал мына аялдамада аялдаған ағайын №93 және №91 бағыттық көліктерді күтіп тұр. Бірі жұмысқа асықса, енді бірі мектепке кешікті. «Қанша ерте шықсақ та, көлік жарты сағатсыз келмейді, ол аздай, тоқтамай кетеді» деп ашынады олар.

Құдасындай күттірген қоғамдық көлік келді. Бірақ іші лық толы. Тоқтамай тағы кетті. 45 минут № 91 бағытты күткен самалдықтардың такси жалдауға қалтасы көтермейді. Ендігі үміттері бір сағатта бір жүретін № 93 бағыттағы автобуста. Араға 15 минут салып, бұл автобус та келді.

Ал «Достық» шағынауданында екі-ақ автобус қызмет көрсетеді. Екеуі де «Қайтпас-2» шағынауданының тұрғындарын тасиды. Екі шағынауданға қатынайтын № 17 «Б» және № 9 бағыттағы көліктің аралығы 1 сағат. Мұны тұрғындар жаттап алған.

Сағаттап автобус күтуден зығыр болған достықтықтар қалтасына ауыр тисе де такси тоқтатуға мәжбүр. Күнде адамдарды бір-бірінің үстіне мінгестіріп салатын автобус жүргізушілері мен кондукторлардан мезі болған. Олардың дөрекілігі тіптен шектен шықты деп отыр. Біз де жолаушылардың сөзіне көз жеткізу үшін екі бағыттағы көлікті күттік. № 9 автобус келмеді, ал № 17 «Б» бағытында жүретін автобус үйренген уақытымен келді. Аялдамада аялдай ма десек, асық-үсігіс жолаушыларды салды да кетті.

Айта өтейік, қалада қоғамдық жолаушылар тасымалдау саласында 33 көлік компаниясы 86 бағыт бойынша қызмет көрсетеді. Басым бөлігі бағыттық қозғалыс жиілігі деген қағиданы ұмыт қалдырған. Мұны жергілікті әкімдіктің мамандары да мойындайды.

Жарқын Байдуллаев, қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары: «Кесте бойынша автобустар арасында белгіленген арақашықтық бар. Соны қатаң сақтап жүруге тиісті. Егер сақтамаса, ескерту береміз. Оларды сотқа беріп, келісім-шарт бұзу бойынша іс жүргізіп жатырмыз.»

Бірақ, ескертуден нәтиже шығар емес. Қала әкімдігі қанша рет рейдке шықса да, құзырлы органдар айып салса да, сотта істері қаралса да, қоғамдық көліктер қызметінің сапасы көңіл көншітпейді. Ал мұның зардабын ең алдымен қарапайым халық тартып отыр.