Оңтүстік Қазақстан облысында еліміз бойынша ең үлкен жылыжай кешені іске қосылды. Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбековтың Оңтүстік Қазақстан облысына жасаған жұмыс сапары барысында Ордабасы ауданындағы «Аделя» шаруа қожалығының 11 гектар алқапты қамтитын жылыжай кешені іске қосылды.

004

Жоба үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы аясындағы Индустрияландыру картасы шеңберінде жүзеге асты. Еліміздегі ең ірі жылыжай кешені болып табылатын бұл жобаның құны – 2 миллиард 574 миллион теңге. 200 жаңа жұмыс орны ашылған жылыжай иелері жылына 8400 тонна қияр және қызанақ алуды жоспарлап отыр.

002

Жылыжайда франциялық RISHEL компаниясының заманауи жабдықтары орнатылған. Өндіріс желілері толық компьютерленген, жылыту, тамшылатып суару, перделеу сынды барлық үдерістер толығымен автоматтандырылған.

001

Жылыжай кешені қыста көкөністі арзан сатуға, өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін сақтауға және де көршілес елдерден келетін импорт көлемін төмендеуіне мүмкіндік береді. Сондай-ақ, компания көкөністерді Ресейге экспорттауда.

003

Заманауи аграрлық кешеннің іске қосылуы арқылы еліміздің экспорттық әлеуеті артып отырғанын жеткізген Асылжан Мамытбеков мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдаулардың арқасында агроөнеркәсіп кешені заманауи технологиялармен қамтылып жатқанын атап өтті.

Ал облыс әкімінің орынбасары Сапарбек Тұяқбаев кәсіпорынға «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында газ құбыры тартылғанын, компанияға «Агробизнес – 2020» бағдарламасы бойынша 516 миллион теңге инвестициялық субсидия берілгенін мәлімдеді. Осы бағыттағы жұмыстарды іске асыру мақсатында облыс әкімдігі тарапынан әр аудан, қалада агроиндустриалды аймақтар құру қолға алынғанынын айтып өтті.

Жалпы, облыс бойынша жылыжайлардың жалпы көлемі 907 гектерды құрайды, оның ішінде биылдың өзінде 187 гектар жаңа жылыжай құрылған. Биыл облыс аумағындағы жылыжайлардан 105 мың тонна көкөніс жиналды.

Ауыл шаруашылығы саласында өнім көлемін арттыруда озық интенсивті-инновациялық ылғал үнемдеу технологияларды өндіріске ендіруде үлкен жұмыстар атқарылуда.

Үстіміздегі жылы терең қопсыту технологиясымен мақта дақылы 37 мың гектар алқапқа егіліп, өткен жылмен салыстырғанда егіс танабының көлемі 3 есеге ұлғайған. Мақта дақылынан орташа өнімділік облыста әр гектардан 26-27 центнер болып, терең қопсыту технологиясын қолданған шаруашылықтарда әр гектардан 35-40 центнер өнім алынуда.

Тамшылатып суару әдісін қолдану көлемі 7 мың гектарға артып, бүгінгі күнге 34 мың гектарға ендіріліп отыр. Бұл – республикадағы көрсеткіштің 84 %-ын құрайды.

Дереккөз: ОҚО әкімі аппаратының баспасөз қызметі