Қолөнер бұйымдарының жәрмеңкесі өтті

1241
қолөнер жәрмеңкесі

Оңтүстікте кәсіпкерлер саны артып келеді. Бұл жөнінде «Ынтымақ» этносаралық мәдени орталығының өкілдері өздері ұйымдастырған жәрмеңкеде мәлімдеді. Мәдени шарада қолөнер бұйымдары мен олардың жасалу жолдары да таныстырылды.

қолөнер жәрмеңкесі

Абайхан Ырысбаевты жәрмеңкеде қаумалағандар көп. Қолөнерші мұнда шеберлік сабағын өткізуде. Саз-балшықтан түрлі пішіндегі ыдыс-аяқтар жасап, сататын ол бүгінде шағын шеберханасын да ашқан. Нәпақасын тауып, отбасын осы кәсіппен асырайды. Жәрмеңеде 30 жылдық тәжірибесі бар Абайхан сапалы қыш құмыралар жасаудың құпиясымен бөлісті.

1000-нан астам еңбектер қойылды
Жәрмеңкеге мыңнан астам еңбек қойылды
былғарыдан жасалған туындылар
Былғарыдан жасалған туындылар

Абайхан Ырысбаев, шебер: «Құмыра жасауда алдымен оның саз-балшығын дайындауды меңгеріп үйренуі қажет. Оның да өзіндік тәсілдері мен ережелері болады. Мен мұны Арыс өзенінің жағасынан қазып әкелемін. Оған қоға деген өсімдік бар ғой, қамыспен бірге өсетін — соның талшықтарын да қосамын. Бір құмыраны жасауға 5-10 минут уақыт кетеді, ал кептіруге бас-аяғы 10 сағат керек. Бір құмыраны 10-15 мың теңге көлемінде сатамын.»

Ұлттық оюмен безендірілген киім-кешектер, тұрмыстық заттар мен қазақы киізден жасалған байпақтар. «Ынтымақ» этносаралық мәдени орталығының құрамында 1500 ұлт өкілі бар болғандықтан, олардың мәдениеті мен тұрмысынан сыр шертер тұщымды еңбектер де осында. Ұйымдастырушылардың сөзіне сенсек, бұл бастама Елбасы жолдауын құнттау ғана емес, шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға сеп болады.

Гауһар Төлепова, «Ынтымақ» этносаралық мәдени орлығының төрайымы: «Қоғамдық ұйым болғандықтан, біз кәсібін енді ғана бастаған кәсіпкерлерге қаржылай көмектесе алмаймыз. Бірақ, оларға бағдар береміз, қайда барып, қалай бастауы қажет шаруаны және несиені қалай алуға болатынын да айтамыз. Ең бастысы — олардың еңбектерін түрлі көрме-жәрмеңкелерге қойып, сатылымына көмектесіп жатырмыз.»

Жәрмеңкеге ағылған ағайынның қарасы қалың болды. Олар шеберлердің қолынан шыққан тұрмыстық заттардан бөлек әшекей бұйымдарын кездестірді.

Фарида Кеңесқызы, қала тұрғыны: «Жәрмеңкеге келген кезде өзге бір әлемге енгендей болдық. Қазақтың ежелгі тұрмысы көз алдыма елестеді. Оған қоса өзге ұлт өкілдерінің тамаша еңбектерін де көріп жатырмыз. Бағалары да арзан екен. Шынымды айтсам, мұндай киізден жасалған аяқ киімдерді кию ұмытылып барады. Қазір немерелеріме байпақтар алдым, негізі киізден жасалған дүниелер денсаулыққа пайдалы ғой.»