2015 жылы Шымкентте 5 мектеп пайдалануға беріледі

1271

Келер жылы Шымкентте 5 бірдей жаңа білім ошағы пайдалануға беріледі. Ол білім мекемелерінің бәрі шаһарға 3 ауданнан қосылған Көкбұлақ, Қаражол, Сайрам, Бозарық және Ақтас 2 елдімекендерде салынып жатыр. Қала әкімінің мәлімдеуінше, осылайша тозығы жеткен мектеп пен үш ауысымда оқу мәселесін шешуге болады.

004

Қаладан 25 шақырым қашықтықтағы Ақтас 2 ауылының балалары 1961 жылы салынған ескі ғимаратағы негізгі мектепте білім алып келеді. Білім ошағындағы 113 оқушы тар ыңғайластырылмаған бөлмелерде отыруға мәжбүр. Сыныптарды жылытуға білім бөлімі 40 тонна қатты отын берген. Алайда ескірген қабырғалар мен бетон едендерді жылыту оңай емес.

Ал жоғарғы сынып оқушылары өзге жерге қатынап оқуға мәжбүр. Құны 350 млн. теңгені құрайтын 200 орындық ғимарат келесі жылы қыркүйек айында аяқталады. Биылға бөлінген 98 млн. теңгені мердігерлер жыл соңына дейін игермек. Мұнда ауа райына қарамай құрылыс жүргізілуде.

Шымкент қаласы бойынша тап осындай өтпелі 5 білім мекемесінің құрылысы басталған. Бұл нысандардың бәрі дерлік аудандардан қала құрамына енген ауылдарда. Қала басшылығы мұның барлығын даланы қалаға жақындатудағы алғы шара дейді.