Ата-аналар комитеті қажет пе?

48-014

«Мектептердегі ата-аналар комитетінің рөлі қандай?», «Ата-аналар комитеті қажет пе?», «…Оның атқаратын міндеті қандай?», «Мұғалімнің беделін арттыруға үлес қоса ала ма?» Бұл сауалдар мектепте еңбек ететін ұстаз бен баласы білім алып жүрген кез келген жанды бей-жай қалдырмайтыны анық. «Оңтүстік Рабат» газеті мен «Отырар» телеарнасының ұйымдастыруымен өткен дөңгелек үстелдегі талқыға салар тақырып осы сауалдар төңірегінде өрбіді. Назарларыңызға сол «Дөңгелек үстелде» айтылған әңгімелерді қаз-қалпында ұсынып отырмыз.

Жәмила МАМЫРӘЛІ, журналист
Жәмила МАМЫРӘЛІ, журналист

Жәмила МАМЫРӘЛІ, журналист: 

– Құрметті дөңгелек үстелге қатысушылар, «Мектепке ата-аналар комитеті қажет пе?» деген сұраққа «әрине, қажет» деп жауап берулеріңіз мүмкін. Алайда біз бүгінгі басқосуды ұйымдастырар алдында ата-аналар арасында сауалнама жүргізген болатынбыз. Қызығы сол, сауалнамаға қатысушылардың басым көпшілігі «ата-аналар комитетін тек ақша жинаушының рөлін атқарады. Сол үшін ғана қажет» деген пікірлерін білдірген. Сіздер мұнымен келісесіздер ме?

Зәуре ОРАЛБАЕВА, тележурналист
Зәуре ОРАЛБАЕВА, тележурналист

Зәуре ОРАЛБАЕВА, тележурналист: 

– Осы орайда айта кеткім келеді, сауалнамаға қатысушылардың арасында «ата-аналар комитетін мектепте оқушылар арасында құқықбұзушылық оқиғасы орын алғанда ғана жинайды» деген де пікірді айтқандар болды. Расында да солай ма?

Әнуарбек БЕЙСЕ, облыстық ата-аналар комитетінің төрағасы
Әнуарбек БЕЙСЕ, облыстық ата-аналар комитетінің төрағасы

Әнуарбек БЕЙСЕ, облыстық ата-аналар комитетінің төрағасы: 

– Мен 11 жыл бойы №65 мектептің ата-аналар комитетінің төрағасы болдым. Қазір облыстық ата-аналар кеңесінің төрағасымын. Осы жылдар ішінде баласын оқытып отырған ата-аналарға ақша жинау дегенді мүлдем қойғыза алмадым. Себебі ата-ана «ұлымды не қызымды оқытты, білім берді» деп өз ризашылықтарымен ақша жинап, мұғалімге не директорға сыйлық ұсынып жатады.

Оның үстіне біздегі кейбір мектеп директорлары «өзі би, өзі қожа» болып алған. Ата-аналар комитетіне төраға сайлауды да мектеп директоры шешетін болған. Ал директор сайлаған төраға әлбетте мектеп басшысының шашбауын көтеріп жүреді. Мектеп басшылығы ата-аналар кеңесінің төрайымы қалталы азаматтардың жұбайы болғанын қалайды. Ондай азаматша кеңеске басшылық етсе, құдды бір мектептің имиджі жоғарылайтындай көрінеді. Ата-аналар комитетіне орта көрген, білімнен хабары бар, өзгеге сөзін өткізе алатын азамат басшылық етуі қажет. Міне, сол кезде ақша да жиналмас еді. Ерекше атап өтерлігі, ата-аналар комитетінің мүшелері мектептің педагогикалық кеңесіне қатысуы керек. Ал кей мектеп директорлары ондай кеңестерді мемлекеттік құпия көретін сияқты. Ата-ананың қатысуына жол бермейді.

Марина ЖАҢАБАЕВА, облыстық білім басқармасының бас маманы
Марина ЖАҢАБАЕВА, облыстық білім басқармасының бас маманы

Марина ЖАҢАБАЕВА, облыстық білім басқармасының бас маманы:

– Ата-аналар комитетінің жиналысын жылына 4 рет өткізу жоспарланған. Ондай басқосуларда ата-ана тарапынан қойылған барлық сауалға жауап беріледі. Бірақ сол жиналыстың өзіне ата-ана немқұрайлы қарайды. Ешқандай мұғалім не директор «сенің балаң әліппемен қоштасып жатыр» болмаса «мектепті бітіріп жатыр, маған ақша жинаңдар» деп айтқан емес. Оның бәрі ата-ананың өзі ұйымдастырып, балаларына білім бергені үшін ұстазына алғыс ретінде сыйлық ұсынады. Қарпайым мысал, облыстық білім басқармасы тарапынан оқу жылы аяқталғанда мектеп түлектеріне қоштасу кеші мен қала көшелерінде көлікпен серуендеуіне тыйым салынады. Алайда ата-ана «Сенің қалтаңнан ақша шығып жатқан жоқ, мен өз балам үшін жасап жатырмын. Балам күніге мектеп бітірмейді, қатарынан қалмасын» деп кортеждерді өздері ұйымдастырып береді.

Ляззат ӘЛСЕЙІТОВА, Ы.Алтынсарин атындағы №65 мектеп-гиназия директорының орынбасары
Ляззат ӘЛСЕЙІТОВА, Ы.Алтынсарин атындағы №65 мектеп-гиназия директорының орынбасары

Ляззат ӘЛСЕЙІТОВА, Ы.Алтынсарин атындағы №65 мектеп-гиназия директорының орынбасары: 

– «Ата-аналар комитеті тек қана қыркүйек айында жұмыс жасайды және оның жұмысы ақша жинау-мен ғана шектеледі» дегенмен келіспеймін. Бізде мектепте қандай да бір іс-шара болмасын, ата-аналар міндетті түрде қатысады. Тіпті біздегі ата-аналар өз мамандықтары бойынша сыныпта тәрбие сабақтарын өткізіп келеді. Ал жиналысқа ата-ананың келу, келмеуі мұғалімнің біліктілігіне, тәжірибесіне байланысты. Егер мұғалім жиналысты қызықтыра білсе, әрі әр баланың білім үлгеріміне жіті тоқтала кететін болса, кез келген ата-ана жиналысқа келуге барынша тырысатын еді.

48-011

Гүлроза АЛТЫНБЕКҚЫЗЫ, ата-ана
Гүлроза АЛТЫНБЕКҚЫЗЫ, ата-ана

Гүлроза АЛТЫНБЕКҚЫЗЫ, ата-ана:

– Менің үш балам мектепте оқиды. Осы уақытқа дейін жиналыс дегеннен қалмағанмын. Міндетті түрде уақыт тауып барамын. «Уақытым жоқ» дейтін кей ата-аналарды түсінбеймін. Сонда олар өз балаларына уақыт таба алмаса, басқасына жауап беру тіптен қиын. Егер ата-ана өз перзентіне жаны ашыса, оның алып отырған білімі мен тәрбиесіне алаңдаса, міндетті түрде жиналысқа барып, мұғалімімен жолығады. Баласының мінез-құлқы, тәртібі туралы тұрақты түрде хабардар болып отырады. Рас, кей ата-ана «жиналыста тек ақша жинау мәселесі көтеріледі» дейді. Бірақ мәселе ақша жинауда емес қой. Жиналыста баланың сабақ үлгерімі сынды өзекті мәселелер де айтылады.

Сергей ХОРШУНОВ, №45 мектеп-гимназияның мұғалімі
Сергей ХОРШУНОВ, №45 мектеп-гимназияның мұғалімі

Сергей ХОРШУНОВ, №45 мектеп-гимназияның мұғалімі: 

– Мектепке ата-аналар комитеті қажет. Мәселен өзім еңбек ететін мектепте ата-ана мен мұғалім өте тығыз байланыста. Ата-ана комитеті тек ақша жинаушы дегенді құптамаймын. Өзім еңбек ететін мектепте ата-аналар өздеріне арналған арнайы анкетаны толтырады. Онда «мектепке қандай көмек көрсете аласыз?» деген сауалға жауап жазылады. Рас, көбі қажеттіліктерді алуға қолдау көрсетіп жатады. Бірақ қаржылай тұрғыда көмек берді деп айта алмаймын. Біздің демеуші ата-аналарымыз бар. Олар бізді қажеттілігімізбен қамтамасыз етіп отырады. Мектепішілік қоғамдық шараларға да белсенділік танытып келеді.

Жаныс ӨТЕГЕН, қоғам қайраткері
Жаныс ӨТЕГЕН, қоғам қайраткері

Исақ АСАНОВ, Шымкент қалалық білім бөлімінің өкілі: 

– Көтеріліп отырған мәселе өте күрделі. Талқыға салуға тұрарлық тақырып. Себебі ата-ананың бала тәрбиесінде алар орны ерекше. Ақша жинау туралы мәселе көтеріліп отыр. Бірақ бұл жерде мына жайттың бетін ашып алу керек. Ойланып қараңыздаршы, ақша жинау мәселесі ата-ана жиналысында айтылмағанда қай жерде айтылуы керек? Жинап отырған ақша неге жұмсалатынын ата-анаға түсіндірілуі қажет емес пе?

Өздеріңіз білесіздер, бізде білім бөлімі мен жергілікті құқық қорғау органы өкілдері бірлесіп, кәмелет жасына толмаған балалардың түн уақытысында көшеде жүрмеуін қадағалау үшін арнайы рейд ұйымдастырып келеді. Алайда түнгі сағат 23.00-ден кейін дәмхана немесе ойынхана сынды өзге орындарда балалары қолға түссе, ата-аналары «менің балам не бүлдірді? Қылмыс жасаған жоқ» деп дүрсе қояды. Осы мақсатпен біз арнайы рейдтік топ құрамына ата-аналар комитетінің мүшелерін қосып отырмыз. Сол кезде ата-ана мектеп жасындағы балалардың түнгі уақытта немен айналысып жүретінін көзбен көріп, мектеп жиналыстарында осы мәселе талқыланып, оның алдын алуға өзгелерді шақырса дейміз.

Жаныс ӨТЕГЕН, қоғам қайраткері
Жаныс ӨТЕГЕН, қоғам қайраткері

Жаныс ӨТЕГЕН, қоғам қайраткері: 

– Біздің облыста мыңнан астам мектеп бар. Оның әрқайсысында ата-аналар комитеті болуы шарт. Әр комитетке кемінде 7 ата-ана мүше болуы керек. Алайда кей мектептерде мектеп директорлары тек төрағамен жұмыс жасауда. Негізі бала тәрбиесіне мектептің берері мол емес пе? Міне, сол үшін мектеп ата-анамен дұрыс жұмыс жасай білуі керек. Жасыратыны жоқ, бүгінде біздің ата-аналар мектепте «қорғаушы» ретінде баратын болды. «Неге менің балама «5» деген баға қоймайсың?», «Менің балама қатты сөйледің…», «Неге ұрысасың?» деп дөрекілік көрсетіп жатады. Бұдан кейін оқушы алдында мұғалімнің қандай абыройы болсын? Біздің кезімізде әке-шешеміз араға түспейтін. Қандай жағдай болмасын мұғалімдікі дұрыс саналатын.

Жәмила МАМЫРӘЛІ:

– Бүгінгі таңдағы мұғалімдердің беделі қай дәрежеде деп ойлайсыздар? Ұстаздардың мәртебесін көтеруге ата-аналар комитеті ықпал ете алады ма?

Өмір ШЫНЫБЕКҰЛЫ, №41 мектеп-лицейдің мұғалімі, тарихшы
Өмір ШЫНЫБЕКҰЛЫ, №41 мектеп-лицейдің мұғалімі, тарихшы

Өмір ШЫНЫБЕКҰЛЫ, №41 мектеп-лицейдің мұғалімі, тарихшы:

– Абыройды ешкім де сатып ала алмайды. Ол әр адамның өзіне байланысты. Алдымен адам өзін сыйлауы керек. Сонда ғана оны өзгелер құрметтейді. Білім саласы өте күрделі механизм. Мектептің педагогикалық кеңесіне ата-ананы кіргізбейді деп жатырсыздар. Негізі мектеп Жарғысында ата-ана ол кеңеске кіруге құқылы деп көрсетілген. Заң бұзушылықты көрген ата-ана тиісті органға неге шағымданбайды? Жасыратыны жоқ, бізде ата-аналар жиналысына 30 баланың 15-нің әке-шешесі келсе, қуанамыз. Бұл — ата-ана жауапкершілігінің төмен екенінің дәлелі. Өйткені ата-анада баламның қарны тоқ, көйлегі көк болса, қалғанына мектеп жауапты деген ұғым қалыптасқан.

Әнуарбек БЕЙСЕ:

– Барлық мәселе мектеп директорына тікелей байланысты. Біздің кезімізде комиссия деген болатын. Ал қазір мұғалім жұмысқа директордың кабинетінде қабылданады. Ұстазды жұмыстан босататын да сол директор. Бізде сауатсыз мұғалімдердің балаға білім беріп жатқаны қынжылтады. Осы мәселеге баса назар аудару керек. Өйткені сауатсыз маманның бала алдында сыйы болмайды. Тіпті жоғары сынып оқушылары ол ұстаздың сабағына қатысқысы келмейді. Содан сабақтан қашып, түрлі құқықбұзушылықтарға баруы ғажап емес.

Жәмила МАМЫРӘЛІ:

– №107 мектеп-гимназиясының директоры Бахадыр Усманалиұлы ағамыз отыр арамызда. Сіз мектеп директорлары атынан келіп отырсыз. Директорлар туралы айтылған жоғарыдағы пікірлермен келісесіз бе?

Бахадыр НҰРАЛИЕВ, №107 мектеп-гимназияның директоры
Бахадыр НҰРАЛИЕВ, №107 мектеп-гимназияның директоры

Бахадыр НҰРАЛИЕВ, №107 мектеп-гимназияның директоры: 

– Мектепті өндіріс орны ретінде алар болсақ, біздің өніміміз — оқушы. Ал өнім кімге қажет? Әлбетте ата-анаға. Демек ата-ана оқушының алып жатқан білімі мен тәрбиесін бақылауы қажет. Ата-ана мектепті жөндеуден өткізуге қажетті ақшаны жинауда ғана емес, барлық оқу процесіне белсенділік танытуы қажет. Осы жайтты назарға ала отырып біздің мектеп ұжымы зерттеу жүргізген болатын. Нәтижесінде біздегі ата-аналардың басым көпшілігі еліміз енді ғана тәуелсіздік алған жылдары мектеп бітірген түлектер болып шықты. Ол кезде жағдай қиын болды. Міне, сондықтан да біз мектебімізде ата-аналар университетін құрып, арнайы сабақтар жүргізіп жатырмыз. Онда белсенді ата-аналарға дәрістер оқылады. Дәріс алғандар өзге ата-аналарға білгенін үйретуде. Біз алдымен ата-ананы тәрбиелеп алуымыз қажет. Сонда ғана жұмыс жемісін береді. Біздің мектепте ата-аналар комитеті мүшелері мұғалімдердің кеңесіне қатысуына рұқсат берілген.

Зәуре ОРАЛБАЕВА:

– Біздің кезімізде сабаққа ата-аналарымыз қатысып тұратын. Олар келген күні сабақта көбірек қол көтеріп, тапсырмаға бірінші болып жауап беруге тырысатынбыз. Ал қазір ата-аналардың сабаққа кіруіне мүмкіндігі бар ма? Бар болса, ол кісілер келіп қатысып тұрады ма?

Мәлік ШЕРМЕТОВ, №107 мектеп-гимназиясы ата-аналар комитетінің төрағасы
Мәлік ШЕРМЕТОВ, №107 мектеп-гимназиясы ата-аналар комитетінің төрағасы

Мәлік ШЕРМЕТОВ, №107 мектеп-гимназиясы ата-аналар комитетінің төрағасы:

– Мен ата-аналар кеңесіне төрағалық ететін мектепте әр айдың үшінші бейсенбісінде кеңестің жиналысы өтеді. Онда барлық мәселе қаралады.

Бізде оқу жылының басында арнайы жоспар түзіліп, өткізілетін іс-шаралар бекітіледі. Мектепте 90 сынып бар болса, әр сыныптың ата-аналар кеңесінің төрағасы жұмыс жасауда. Ал мектептің ата-аналар комитетінің 17 мүшесі бар. Олар сектор бойынша бөлініп, өз міндеттерін мойындарына алған. Ата-ана сабақ барысына кіріп, баласының сабақ үлгерімін де бақылап отыра алады. Оған ешкім тосқауыл қоймайды. Меніңше егер сабаққа ата-ана кіретін болса, мұғалімнің де жауапкершілігі артар еді.

Түйін:

«Дөңгелек үстелде» көптеген мәселелер айтылды. Ең бастысы Мектеп-оқушы-ата-ана арасындағы байланысты нығайта түсу жайы сөз болды. Бұл орайда әр мектептің өзіндік ерекшелігі, жұмыс жасау тәсілдері бары да ортаға салынды. Десек те, ата-аналар комитеті керек пе? Керек болса оның атқаратын негізгі міндеті не? Сіз қалай ойлайсыз оқырман?

Ортаға салып ой бөлісуге әрдайым мүмкіндігіңіз бар. Редакцияға хабарлассаңыз болғаны.

Жазып алған – Жансая ТӘУЕКЕЛҚЫЗЫ

«Оңтүстік Рабат», №48, 26.11.2014