Байтұрсынов көшесі кеңейтіледі

568

Шымкенттегі Ахмет Байтұрсынов атындағы көше кеңейтіледі. Осыған байланысты № 47 мектепте жергілікті тұрғындардың қатысуымен қоғамдық тыңдау өтті. Онда қалалық көлік және автокөлік жолдары бөлімінің мамандары мен «Мерей-Сәулет ЛТД» мекемесінің өкілдері көшені кеңейтудің жобасын ұсынды.

001

Қаланың қақ ортасында жатқан Байтұрсынов көшесін кеңейту бірнеше жылдан бері өзекті мәселеге айналған. Әсіресе, таңертең және кешке жұмысы мен үйіне ағылған халық пен көлік нөпірі осы көшеде кептеліске ұрынады да жатады.

Жобаға сәйкес, Байтұрсынов көшесінің Тұрар Рысқұлов даңғылынан бастап Түркістан көшесіне дейінгі бөлігі кеңейеді. Оның ұзындығы 3 шақырымнан асады. Дәл қазіргі таңда көшенің көлік жүретін бөлігінің ені 8-9 метрді құрайды. Жауаптылар кеңейтілген көшенің ені 21 метрге дейін жетеді деп уәде беріп отыр. Қоғамдық талқылауда жолды кеңейту жұмыстарына байланысты міндетті түрде туындайтын ағаштарды қырқу мәселесі де көтерілді.

«Жол құрылысына байланысты 800-ден астам ағаш оталады деп жоспарлануда. Дегенмен, олардың орнына жас көшеттерді отырғызамыз» дейді жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімі бастығының орынбасары Асылбек Баймырзаев.

Бұған қоса бөлім басшысының орынбасары 45 нысанның бұзылатынын жеткізді. Маманның айтуынша, бұзылатын нысандардың 42-сі уақытша қолданыста екен. Ал қалған төртеуі мемлекет меншігіне алынады. Олардың иелеріне өтемақы төленеді.

Дегенмен, «Мерей-Сәулет ЛТД» жобалау мекемесінің директоры Жұлдыз Жұмабекова тілшілерге берген сұхбатында бұзу туралы айтқан жоқ. «Біз о бастан-ақ талдау жұмыстарын жүргіздік. Егер бұзуға тура келсе, тек екі-үш жердегі қоршаулар ғана бұзылады. Олар — кардиологиялық орталық пен салық басқармалары және мектептің маңы» дейді жобалаушы.

Қазір Байтұрсынов көшесінен тәулігіне 14 мың көлік жүріп өтуге мүмкіндік бар. Қайта жаңарған соң бұл көрсеткіш тәулігіне 17 мың көлікке дейін жетеді деген болжам бар. Бір айта кетерлігі, көшені кеңейту жобасы әзірше мемлекеттік сараптамадан өткізілген жоқ.

Қазіргі таңда белгілісі — жобаның құны 1,5 миллиард теңгеге бағаланып отыр. Құрылыс бір жарым жыл уақытқа созылмақ.