Елбасы Оңтүстікте екі кәсіпорынды іске қосты

616

Мемлекет басшысының қатысумен өткен жалпы ұлттық телекөпір барысында Оңтүстікте «Назар-Текстиль» ЖШС-нің кілем бұйымдары фабрикасы мен «Химфарм» АҚ-ның өндірістік қуаттылығын арттыру жобасы іске қосылды.

001

«Назар-Текстиль» — өңірдегі кілем және кілем бұйымдарын шығаратын екінші фабрика. Жоба құны — 1,8 млрд. теңге. Мұнда жылына 3 млн. шаршы метр дайын өнім шығарылады. Жаңа 100 жұмыс орны ашылып отыр.

003

 

Фабрикада кілем тоқу және велюр бұйымдары өндірісіндегі көшбасшы саналатын бельгиялық «VAN DE WIELE» компаниясының заманауи жабдықтары орнатылған. Өңірімізде орналасқан «Бал Текстиль» және «Назар-Текстиль» кілем фабрикалары толық өндірістік қуаттылыққа шықса, республика нарығын кілем өнімдерімен қамтитын болады. Оңтүстіктегі кілем фабрикалары жылына 3-4 млн. шаршы метр өнімді экспортқа шығарады деп күтілуде.

002

Осы күні «Химфарм» АҚ өндірістік қуаттылығын арттыру жобасы да іске қосылды. Жоба құны 14 млрд. теңгені құрап, 4 кезеңнен тұрады. Қазір мұнда құны 5,8 млрд. теңгені құрайтын I кезең іске асып, 500 жаңа жұмыс орны ашылған.Жаңа цех жылына 350 млн. ампула инъекциялық ерітінді, 4 млн. пакет инфузиялық ерітінді, 40 млн. флакон антибиотик пен 1 млрд. таблетка өндіреді.

Жалпы, Оңтүстік Қазақстан облысынан индустрияландыру картасына құны 1,2 трлн. теңгені құрайтын 223 инвестициялық жоба енгізілген. Соңғы бес жылда өндіріске 180 млрд.теңге инвестиция тартылып, 135 жаңа жоба іске қосылды. 11 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды.

Бұл — республикадағы ең жоғарғы көрсеткіш. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде биыл жалпы өңірлік өнім көлемі 2,3 трлн. теңгеге жетіп, соңғы бес жылда үш есеге ұлғайды. Өндіріс көлемі 2,5 есе, өңір экономикасындағы өнеркәсіптің үлесі 15%-дан 25%-ға өсті.

Инвестиция көлемі бір жарым есе, еңбек өнімділігі екі есе артты. Белсенді шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 125 мыңға жетті. Үдемелі индустриялды-инновациялық даму бағдарламасы аясында соңғы бес жылда Оңтүстікте машина жасау, фармацевтика, тамақ өндірісі, тоқыма өнеркәсіптері мен құрылыс индустриясы кластерлерінің іс жүзінде толық негіздері қаланды.

Дереккөз: ОҚО әкімдігі аппаратының баспасөз қызметі