Әр сенбі күні тұрақты түрде өтетін жәрмеңке бұл жолы да жалғасын тапты. Жаңа жыл мерекесіне арналған ауыл шаруашылығы өнімдері жәрмеңкесіне өңірге қарасты барлық аудан-қалалардың дихандары өз өнімдерін ұсынды. Бағасы арзан, сапасы көңіл көншітерлік жәрмеңкеге келушілердің де қарасы қалың болды.

Айта өтейік, азық-түлік жәрмеңкесінен ет өнімдерін мол кездестіруге болады. Мұнда 37 тонна ет сатылды. Жылқының соғымынан бастап бордақыланған қой етіне дейін базар бағасынан арзан алу мүмкіндігі бұйырды. Алмагүл Нарбекова Кентау қаласынан шымкенттіктер үшін бордақыланған қой етін ала келіпті. Келісін 950 теңгеден сатып, тұтынушыларға мерекелік көңіл-күй сыйлады.

 

Алмагүл Нарбекова, сатушы: «Тауарымыз – арзан. Бағасын өздері қойып берді. Базардан 150-200 теңгеге арзан сатып жатырмыз.»

Мерекелік жәрмеңкеде әлеуметтік азық-түліктерге сұраныс көп болды. Мұнда 9 тонна картоп, 39 тонна көкөніс, 16 тонна жеміс-жидек әкелінген.

Сонымен, шымкенттіктер бір күнде миллион теңгеге сауда жасапты. Осылайша 123 тонна ауыл-шаруашылығы өнімі сатылған. Ал бағасы нарықтан 15-20 пайыз арзан.