Оңтүстік Қазақстан облысының орталығында алты бірдей жаңа нысан ашылды. Олардың бесеуі Шымкент қаласының жаңа әкімшілік орталығы аумағында орналасқан. Ал енді бірі – қаланың қақ ортасындағы 12-қабатты «Риксос» қонақ үйі. Облыс жұртшылы асыға күткен бұл нысандарды Елбасының өзі аралап көріп, іске қосты.

009

 

Оңтүстіктің өнерпаздары осы сәттерге аз дайындалған жоқ. Олардың концерті кернеп тұрған «Түркістан» салтанат сарайының алғашқы қонағы Елбасының өзі болды. Түрлі шараларды ұйымдастырып, өткізуге лайықталған салтанатты сарайдың сыйымдылығы 1364 орынды құрайды. Оның құрылысына облыс қазынасынан 1 миллиард 400 миллион теңге жұмсалған. Акустикасының жоғары деңгейде жасалғанын филармония әншілерінің Президентті әншашуымен қарсы алған сәттерінен байқау қиын болған жоқ.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті: «Мынадай салтанатты сарай бар ма еді бұрын?! Қандай тамаша! Шымкент – тоғыз жолдың торабында орналасқан. Шымкент – шырайлы шаһар! Барлығы Ш-дан басталады! (Күледі) Мен бүгін Түркіменстан мен Иранды байланыстыратын Ұлы Жібек жолының ашылуына қатысып келдім. Барлық жоспарларымыз іске асып жатыр. Оған тек қуануға болады.»

Салатантты сарай фойесінде облыс әкімі Асқар Мырзахметов Президентті жаңа әкімшілік-іскерлік орталығының бас жоспарымен, бүгінгі тынысымен таныстырды.

010

Осыдан бір жыл бұрын Нұрсұлтан Әбішұлы ол нысандарды тек макет түрінде көрген еді. Міне, бүгін лауазымды тұлғалармен бірге аралап жүр. Қазақстанның алғашқы заманауи урбанистік орталықтарының бірі болады деп үміт артқан Шымкенттің бүгінгі қарқынды дамуы ауыз толтырарлықтай.

014

Асқар Мырзахметов, облыс әкімі: «Міне, мынау – біз тұрған сарай, жанында облыстық драма театрының ғимараты. Алдында тұрған – жаңа облыстық әкімдік ғимараты. Алдағы 1 жарым айда пайдалануға береміз оны да. Ал осы шағынаудан жанынан мәдени-тарихи алаң ашып, Әдеп-ғұрып, салт-дәстүр орталығы мен облыстық тарихи-өлкетану мұражайы салынды. Бүгін іске қосылды барлығы. Осы аумақтың өзі 70 гектар жерді алып жатыр.»

Осы кезде облыстық қазақ сазды драма театрының ұжымы жаңа ғимаратта «Ұлы көш» тарихи драмасын қоюға дайындалып жатты. Тәуелсіздік мерекесінде алғашқы көрермендерімен қауышып, назарына ұсынбақ. «Құтты ғимарат болсын!» деген ықыласты жылы сөзді ұжым Президенттен есітіп, естелікке суретке түсті.

013

Соңғы айларда шымкенттіктердің қызыға қарап, сан алуан сауалдарын тудырған заманауи ғимарат – 12 қабатты «Риксос» қонақ үйі. Жахандық даму көші мен «жасыл экономика» технологиясы қолданылған әсем нысанның бой түзеуіне 9 миллиард теңге жеке инвестиция тартылған.

012

Жиналған көпшілікті осындай әсем қонақ үйдің ашылуымен құттықтаған Нұрсұлтан Әбішұлы «Хадиша Шымкент Риксос» отеліндегі естелік кітабына алғашқы болып қолтаңбасын қалдырды.

011