Медицина, фармацияның даму болашағы — жас ғалымдардың қолында. Таяуда Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік медицина академиясында жас ғалымдардың халықаралық конференциясы ұйымдастырылды. Онда Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан мемлекеттерінің жас зерттеушілері жергілікті ғылыми ортамен тәжірибе алмасуға мүмкіндік алды. Ұйымдастырушылар осылайша отандық медицинаға тың жаңалықтар әкелетін игі бастамаларға жол ашамыз деп отыр.
Жас ғалым Мұхит Құлмұхамбетовтің ғылыми жұмысының тақырыбы көз ауруларымен тікелей байланысты. Отандық офтальмологияға үлес қосқысы келетін зерттеуші көз ауруларын алдын ала анықтау жолдарын ұсынбақ. Іздемпаз жас өз идеяларын қорғауда шетелдік әріптестерінің де ой-пікірін ескеріп жүр.
Халықаралық конференцияда барысында отандық медицинаға тың жаңалықтар әкелетін жобалар таныстырылды. Жас ғалымдар бір-бірімен тәжірибе алмасып, өз идеяларымен бөлісті. Денсаулық сақтау саласының бүгінгі жетістіктерін бағамдап, кемшін тұстарын ортаға салды.
Шара шеңберінде академия басшылығы, Тұңғыш президент қоры және Назарбаев зиякерлік мектептері арасында меморандум жасалды. Осынау келісім аясында енді тараптар жастарды ғылымға баулуда әріптестік байланыс орнатпақ.