Оңтүстік Қазақстан облысының кәсіпкерлік саласындағы үздіктерінің есімдері белгілі болды. Арнайы конкурс жеңімпаздарын марапаттау шарасы «Риксос Хадиша» қонақ үйінде өткізілді.
Байқау нәтижесінде 13 номинация бойынша «Жылдың үздік кәсіпкері», «Жылдың үздік өнеркәсіп кәсіпорны», «Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі саласындағы үздік кәсіпкер», «Үздік индустриалды жоба», «Үздік экспорттаушы», «Үздік инвестор», «Үздік әйел кәсіпкер», «Үздік қаржы институты», «Үздік жергілікті тауар өндіруші» және т. б. жеңімпаздарға құрмет көрсетілді.
Оңтүстік Қазақстанның экономикасы мен елдің әлеуетін арттыруға сүбелі үлесін қосып жүрген жаңа есімдер де аталды. Бүгінгі таңда өңірде 120 мыңнан астам кәсіпкерлік нысаны жұмыс жасайды. Олар экономиканың барлық саласын қамтып отыр. Ал кәсіпкерлікті қолдауда өзгелерден озық тұрған өңір Созақ ауданы болып танылды.
Аудан әкімдігінің бұл бағыттағы жұмысы жүйелі делінді осы салтанатты жиында. Айтпақшы, биылғы үздіктердің қатарында «Үздік жас кәсіпкер» де бар. Ол — жылыжай салып, ондаған жерлесімізді жұмыспен қамтып отырған «Global GH» компаниясының басшысы, 27 жастағы бизнесмен Іляс Бейсебаев. Үздік инвестор болып танылған Серікжан Сейтжанов «Бизнесті ары қарай дамытып, бәсекеге қабілеттілікті арттыру үшін әр кәсіпкерге білімпаздық пен ізденіс керек» дейді.
2014 жылы жұмыс орындарын ашуда көзге көрінген «Үздік жұмыс беруші» аталымының жеңімпазы Кентау трансформатор зауыты болды. Биыл 102 адам осы кәсіпорында жұмыспен қамтылған. Жылдан жылға ауқымы кеңейіп жатқан өндіріс орнының өніміне сұраныс та артып отыр.