Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтың қатысуымен Ордабасы ауданында «Батсу Водоканал» ЖШС-ның жаңғыртудан өткен кірпіш зауыты іске қосылды. Бұл жоба мемлекеттік үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы шеңберіндегі «Индустрияландыру картасы» аясында жүзеге асты.
Кәсіпорын жылына 60 млн. дана кірпіш шығарады. Мұнда 92 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Зауыттағы өндірістік желілерге 1,3 млрд. теңге көлемінде инвестиция тартылып, толық өндірістік қуаттылыққа шыққан кезде өңірдегі нарық сұранысын 20-25 пайызға қамтитын болады.
Зауытта әлемдік стандарттарға жауап беретін жоғары технологиялық жабдықтар орнатылған. Толықтай автоматтандырылған технологиялық желілер көп компонентті қоспалардан геометриялық пішіні толықтай сақталған 8 түрлі формадағы кірпіштер шығарады. Мұнда орнатылған озық технологиялардың тағы бір ұтымды тұсы – шығарылған өнім құнының төмендігі мен өндірістік қалдықтың қайта өңделуі.
Мамандардың айтуынша, өңір нарығында күйдірілген кірпіштің бағасы 35-36 теңгеден болса, бұл зауыттың өнімі 32-33 теңгеден сатылып жатыр екен. Жаңа өндіріс орнының жұмысымен танысқан облыс әкімі кәсіпорынға «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында газ құбырын тарту үшін мемлекеттік қолдау көрсетілгенін атап өтті.
«Биыл Елбасы жариялаған индустрияландыру бағдарламасының бес жылдығы қорытындыланады. Биылдың өзінде біз индустрияландыру картасына енген 41-ші жобаны іске қосып отырмыз. Жыл соңына дейін тағы 14 жоба іске қосылады. Жиынтығында Оңтүстік Қазақстан облысында индустрияландыру шеңберінде іске асқан жобалардың саны биыл 135-ке жетеді. Бұл — республикадағы ең жоғары көрсеткіш» деді Асқар Мырзахметов кәсіпорынның жұмысымен танысу барысында.
Жалпы, Оңтүстік Қазақстан облысында индустрияландыру картасы аясында жалпы құны 1,2 трлн. теңгені құрайтын және 32,9 мыңға жуық жаңа жұмыс орнының ашылуын көздейтін 223 жоба іске асырылуда. Ал биылға дейін іске асқан жобалардың жалпы құны 180 млрд. теңгені құрап, 11 мың жаңа жұмыстары ашылған.
Дереккөз: ОҚО әкімі аппаратының баспасөз қызметі