Оңтүстік Қазақстан облысына полиция қызметкеріне шабуыл жасаған 37 жастағы күдікті ұсталды. Бұл туралы ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі хабарлайды. 2-желтоқсан күні Ордабасы ауданындағы Шұбарсу ауылында Ордабасы аудандық ішкі істер басқармасының учаскелік аға инспекторы өз қызметтік міндетін атқару кезінде көше бойында жанжалдасып тұрған бір топ азаматты байқайды.
Олардың қасына тоқтаған полиция қызметкері 37 жастағы жергілікті тұрғын «Опель-Вектра» маркалы автокөлігін мас халде жүргізіп келе жатып, жол қиылысында жергілікті 45 және 38 жастағы екі тұрғынды қағып кете жаздағанын анықтайды. Келіп тоқтаған автокөлік жүргізушісі көлігінен түсе сала, екі жаяу жүргіншіге жұдырығын ала жүгіреді.
Полиция майоры өзінің қызметтік міндеттерін орындауына байланысты мас жүргізушіге келіп, қоғамдық тәртіпті сақтауды талап еткен кезде жүргізуші күтпеген жерден полиция қызметкеріне күш қолданып, сол жақ иығындағы погонын жұлып алады. Оған қоса сырт киімінің жағасына жармасып, сілкілеп, полиция қызметкерінің бетінен бірнеше рет ұрған.
Қазіргі таңда полиция қызметкеріне шабуыл жасаған күдіктіні Ордабасы АІІБ-нің қызметкерлері оқиға орнында құрықтап, уақытша ұстап абақтысына қамаған. Күдіктінің Ордабасы ауданындағы колледждердің бірінде мұғалім болып жұмыс істейтіні анықталды.
Аталған жайт бойынша Қазақстан Республикасының қылмыстық кодексінің 321-бабы — «Өкімет өкіліне қатысты күш қолдану» бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу амалдары жүргізілуде.
Қылмыстық кодекстің аталған бабы бойынша өкiмет өкiлiнiң өз қызметтiк мiндеттерiн орындауына байланысты оған қатысты қауiпсiз күш қолдану әрекеті екi жүз айлық есептiк көрсеткiштен бес жүз айлық есептік көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салумен немесе бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеумен, кейде дәл сол мерзiмге бас бостандығынан айырумен жазаланады. Ал өкімет өкілінің өз қызметтік міндеттерін орындауына байланысты оған қатысты өмiрi мен денсаулығына қауiптi күш қолдану бес жылдан он жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.