Келес өзенінің арнасы бөгеліп, станса салынды

Сарыағаш ауданында шағын су электр стансасы пайдалануға берілді. Сағатына 2 мегаватт электр қуатын өндіре алатын станса осы маңдағы сегіз елдімекенді жарықпен қамтамасыз ете алады. Бұл – Келес өзенінің бойында салынған екінші нысан.

Келес өзенінің арнасы бөгеліп, станса салынды
Келес өзенінің арнасы бөгеліп, станса салынды 

Жобаны жүзеге асыруға 260 миллион теңге бөлінген. «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы аясында қазынадан қосымша қаржы да қаралған. Инфрақұрылым жүргізіліп, электр желісі де тартылыпты. Соңынан қуатты тұрақтандыратын құрылғы орнатылған. Бұл – Сарыағаштағы энергия өндіретін екінші нысан. Қуаты осы маңдағы сегіз елдімекенді жарықпен қамтамасыз ете қауқарлы.

Бүгінде Оңтүстік Қазақстан халқы тәулігіне 470 мың мегаватт электр энергиясын пайдаланады. Оның 119 мыңы жергілікті жерде өндіріледі. Қалғаны сырттан тасымалданады. Жергілікті билік электр энергиясына деген тәуелділіктен біртіндеп арылу үшін осындай жобаларды қолға алған. Олардың қатарында күн және желден энергия өндіру ісі де бар.

Сәкен Қаныбеков, ОҚО әкімінің орынбасары: «Қыс мезгілінде 470 мың мегаватт пайдаланады. Ал жазда 350 мың мегаватт. Қазір ірі-ірі жобаларды қарастырып жатырмыз. Мемлекет көмек ретінде беріп жатқандықтан, ірі жобалар іске қосылайын деп жатыр.»

Соңғы үлгідегі озық құрал-жабдықтар Ресейден әкелініп, мамандары жергілікті тұрғындарға жаңа техниканың қыр-сырын үйретіп жатыр. Аудан халқы жазда 16-17, қыста 25 мегаватт электр қуатын тұтынады. Басты мақсат – алдағы уақытта шағын су электр стансаларын көбейту арқылы тұрғындарды толық арзан энергиямен қамтамасыз ету.

Қазірдің өзінде жаңа жұмыс орнына алты адам еңбекке тартылды. Барлығы – ауыл азаматтары. Аудан басшыларының сөзінше, 2018 жылға дейін тағы 4 су электр стансасын салу көзделіп отыр.