Бүгінгі таңда Шымкентте тұрғын үй кезегіне 13 мыңнан аса азамат тіркелген. Бұл туралы қала әкімі Дархан Сатыбалды бұқаралық құралдар өкілдеріне арналған брифингте мәлімдеді.
Бұл тізімде «Қолжетімді тұрғын үй — 2020» бағдарламасының бірінші бағыты және «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңына сәйкес «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы, сондай-ақ, «Қазақстан ипотекалық компаниясы» арқылы кезекке тұрғандар да бар.
Тұрғын үй құрылысын дамыту мақсатында бюджет қаржысы есебінен 4,7 млрд. теңгеге 3 364 пәтерлі 46 үй салынуда. Оның ішінде биыл 449 пәтерлі 8 тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланған. Сонымен қатар, «Қазақстан ипотекалық компаниясы» АҚ арқылы 1080 пәтерлі 15 үй салынуда.
«Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамыту — 2020» бағдарламасының шеңберінде көпқабатты 34 үйді күрделі жөндеуге 211 млн. теңге бөлініп, тиісті жұмыстар атқарылуда» деді қала әкімі.
Шымкент қаласында ұзындығы 2 067,9 шақырымды құрайтын жол бар. Оның ішінде 845,6 шақырымы асфальтталған, 865,7 шақырымы — қиыршық тас, ал 356,5 шақырымы — топырақ жол. Биыл 1,7 млрд. теңгеге ұзындығы 73 шақырымды құрайтын 125 көше орташа дәрежелі жөндеуден өтті.
Сонымен қатар көлік инфрақұрылымын дамыту мақсатында 1,4 млрд. теңгеге 9 жобаның құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде 2 жаяу жүргіншілер өткелін және Мәделі қожа көшесін қайта құру жұмыстарын биыл аяқтау жоспарланған.
[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=X6CouOSxgR0[/youtube]
Бүгінгі күнге қала тұрғындарының 76% — ауызсумен, 42% — кәріз жүйесімен, 79% — газбен, ал 59% сапалы электр қуатымен қамтылған. Биыл 7,7 млрд. теңгеге 11 су, 11 газ құбыры, 7 электр желісі, 1 подстанцияның құрылысы жүргізілуде. Нәтижесінде 2014 жылы 44 мыңнан астам тұрғын ауызсумен, 33 мың адам электрмен, ал 28 мың тұрғын газбен қамтамасыз етіледі.
«Биыл жылу және электр энергетикасы саласын дамыту мақсатында екі ірі инвестициялық жобаның құрылысы басталды. Атап айтқанда әкімшілік іскерлік орталығы мен тұрғын үй массивінде құны 3,7 млрд. теңгені құрайтын, қуаты 160 Гкал жылу қазандығының құрылысы, қаланың солтүстігін электр желісімен шеңберлеу мақсатында қуаты 220 кВ «Бозарық» подстанциясының құрылыстары басталды» деді қала әкімі.
Шымкентте 84 259 кәсіпкерлік субъектісі бар. 2013 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда олардың саны 21 пайызға көбейген. Экономикалық белсенді халық санының 29 пайызы кәсіпкерлік саласында жұмыспен қамтылған.
Шымшаһарда кәсіпкерлер тарапынан «Бизнестің жол картасы — 2020» бағдарламасына қызығушылық жоғары. Биыл 57 жобаны қаржыландыру жоспарланып, қазіргі таңда жалпы құны 25 млрд. теңгені құрайтын 78 жобаны өңірлік үйлестіру кеңесі мақұлдады.
Дереккөз: Шымкент қаласы әкімінің баспасөз хатшысы — Нұрлыбек Жеңісбек