Миллиондаған қаржы жұмсалған шырша

Шымкентте бас шыршаның шамы жағылды. Қала әкімі Дархан Сатыбалды бастаған топ «Нұрсәт» шағынауданындағы әкімшілік-іскерлік орталығы маңындағы жаңа алаңға жиналып, көппен бірге мерекелік шыршаның жарығын жақты.

Шымкентте бас шыршаның шамы жағылды
Шымкентте бас шыршаның шамы жағылды

MG_4820

Бас шыршаның шамын шаһар басшысы Дархан Сатыбалды бастаған топ қуанышты әсермен жақты. Көпшілік «Нұрсәт» шағынауданындағы әкімшілік-іскерлік орталығы маңындағы жаңа алаңға жатырқамай жиналған. Жүздері бал-бұл жайнаған ағайын жасыл шыршаны қаумалай билеп, жаңа жылдан жомарттықты күтетіндей.

Мейрамгүл Бақытқызы, қала тұрғыны: «Өте қуаныштымыз, қазір шыршаның жанына келіп, суретке түсіп жатырмыз. Аяз ата мен Қарша қызды көрген балаларым да мәз-мейрам. Алла қаласа, жаңа жылды да осында келіп, тойлаймыз.»

Азат Бексейітов, қала тұрғыны: «Жаңа жылды осылай қуанып қарсы алып, жыл бойы қуанамыз деп ойлаймын. Келер жылдан тек жақсылық пен сәттіліктер күтемін, жағымды әсер қалдырады деп сенемін.»

Көркем ойыншықтармен безендірілген шыршаның көмкерілуі де ерекше, қазақша оюлармен әспеттелген. Биіктігі — 18 метр, ені 9,5 метрді құрайды. Оның әсемдік жасағына 7500 метрлік безендіру заттары мен жарықтандыру құралдары қолданылған. Және 2250 дана ойыншық ілініпті. Мерекелік шараға жүздеген Аяз ата мен Қарша қыз жиналған. Шыршаны қаумалай қоршаған жамағатпен бірге шаһар басшысы да ән айтып, би биледі.

Дархан Сатыбалды
Шымкент қаласының әкімі — Дархан Сатыбалды

Дархан Сатыбалды, Шымкент қаласының әкімі: «Шымкент қаласы — Астана, Алматы қалаларынан кейінгі үшінші қала ретінде танылып, осы мәртебе ие болды. Әлеуметтік жағдайы да жоғарылады. Қаламызда биыл сәулетті  мекемелер бой көтерді. Соның бірі — әкімшілік-іскерлік орталығы. Қаламыздың көркейіп, дамуына баршамыз атсалысайық!»

Миллиондаған қаржы жұмсалған шырша

Айта кетейік, қаламыздың орталық алаңдарына қойылған 3 шыршаға қазынадан 25 миллион теңге жұмсалыпты. Ал түнгі қаланы безендіруге 172 дана шағын сәулеттік нысан қойылған. Оған 18 млн. теңге қаралып отыр. Бұдан бөлек қала көшелерінің безендірілуіне 43 миллион теңге бөлініпті. 15-желтоқсан күні басталған дайындық жұмыстары бүгін аяқталады деп жоспарланып отыр.