Түркістан қаласының тәртіп сақшылары екі барымташыны ұстады. Қалалық ішкі істер басқармасының кезекші бөліміне ондаған жергілікті тұрғын малдарының ұрланғаны жөнінде арызданған. Арызданушылардың айтуынша, белгісіз біреулер түнде үйде жоқ кездерін пайдаланып, малдарын ұрлап кеткен.

002

Соңғы арыздардың бірі қараша айында келіп түскен. 24 жастағы жергілікті тұрғынның айтуынша, 22-қарашадан 23-қарашаға қараған түні үйінде болмағанын пайдаланған белгісіз біреулер қорада тұрған құны 200 мың теңгеге жуық қара малды ұрлап кеткен екен.

Түркістан ҚІІБ қызметкерлерінің шұғыл-іздестіруінің нәтижесінде қаладағы мал базарларының бірінен 33 және 23 жастағы екі тұрғын ұсталды. Бұған дейін сотты болған олар ұрланған малды сатып тұрған жерінен қолға түскен.

Айғақты зат ретінде тәртіп сақшылары бірнеше ұрланған қара малды тәркілеп, оларды иелеріне қайтарып берді. Полицейлер күдіктілердің тағы осындай 8 қылмысқа қатысты екенін анықтады. Жалпы шығын көлемі 2 миллионға жуық теңгені құрап отыр.

Аталған жайтқа байланысты қылмыстық кодекстің 175-бабы – «Ұрлық» бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдіктілер қамауда. Тергеу амалдары жүргізілуде.