Түркістан қаласы Шаға ауылының балалары Тұңғыш Президент күні мерекелік жиынын жаңа мектепте тойлады. Сонау 1987 жылы салынып, бүгінде апатты жағдайда тұрған ескі мектепте білім алып келген балалар енді типтік үлгідегі барлық талаптарға сай салынған жаңа мектепте оқиды. Жаңа ғимараттың ашылу салтанаты мереке күніне тұспа-тұс келді.
Бірнеше жыл бұрын ауылды су басып қалу қаупі төнген кезде апатты жағдайдағы осы мектеп те су астында қала жаздаған. Бүгін, міне, 150 орындық жаңа білім ұясы өз есігін оқушылар үшін айқара ашып отыр.
«Жалпы биыл Түркістанда 7 білім ордасының құрылысы жүрді. Тәуелсіздік күні қарсаңында тағы да екі мектептің ашылу салтанаты болады. Қазіргі таңда киелі мекенде үш ауысымдық мектеп мәселесі толығымен шешілді» дейді Түркістан қаласының әкімі Ә. Өсербаев.
Шаға ауылындағы «Ташанақ» жалпы орта мектебінде 247 бала білім алады. Жаңа ғимарат оқушыларға қажетті заманауи үлгідегі барлық техникалық құралмен жабдақталыпты. Жалпы, Оңтүстік Қазақстан облысында Тұңғыш Президент күні мерекесінде 4 мектеп пайдалануға берілді.
Дереккөз: ОҚО әкімдігі аппаратының баспасөз қызметі