Шымкенттегі Тәуелсіздік саябағының авторлары мемлекеттік сыйлықтың иегері атанды. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Президентінің ресми сайты хабарлайды.
Бүгін мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Әдебиет пен өнер саласындағы 2014 жылғы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығын беру туралы» жарлыққа қол қойды. Akorda.kz ресми сайты жариялаған ақпаратта былай делінген.
«Әдебиет пен өнер саласындағы 2014 жылғы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығы мыналарға берілсін:
1) Қажығали Мұханбетқалиұлына, жазушы — «Тар кезең» тарихи романы үшін;
2) Гүлнар Сейітжанқызы Салықбаеваға, ақын — «Кешіріңдер, келгенімді өмірге» өлеңдер жинағы үшін;
3) Пантелей Константинович Кесоглуге, әнші — «Песня — душа моя» жеке концерті үшін;
4) Балнұр Балғабекқызы Қыдырбекке, композитор — «Реквием» вокалды-симфониялық шығармасы үшін;
5) Авторлар ұжымы Асқар Исабекұлы Мырзахметовке, Бақытжан Құдайбергенұлы Әшірбаевқа, Насир Ачилович Рустамовқа, Әмірхан Бекжанұлы Шүменовке, Нұрлыжан Маратбекұлы Бөкебаевқа — Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған тарихи-монументалдық саябақ кешені үшін.
Мемлекет басшысының бұл жарлығы еліміздегі үшінші шаһар мәртебесін иеленуге талпынып отырған Шымкент үшін үлкен жетістік деп бағалануда.
Дереккөз: ОҚО әкімі аппаратының баспасөз қызметі