Таңертең тауға кеткен оқушы түнде бір-ақ табылды

403

Түлкібас ауданында келеңсіз жағдай орын алды. Таңертең үйінен шығып, тауға кеткен жас бала сол күйі жоғалып кетіпті.

Бұл жайында суыт хабар құтқарушыларға тек кешке жеткен. Қоңырау шалған Күмісбастау ауылының тұрғындары 27-желтоқсан күні 21:55-те шұғыл кезекші, майор Ахметовқа алтыншы сынып оқушысы Мақсат Сарыпбековтың таңертең ерте Иірсу тауына кетіп, сол күйі үйге келмегенін айтады. Кешке қарай баланың туыстары өздері іздегенімен, одан еш нәтиже шықпайды.

Тауда адамның, әсіресе, жас баланың жоғалуы — аса қауіпті хабар. Сағат 21:57-де облыстық құтқару жасағының мамандары дабыл бойынша шұғыл жиналады. Арада бір минут өткенде бес адамнан құралған жеке құрам таулы ауылға шығып кетеді.

Сағат 22:20-да баланы іздеуге алты адамдық тағы бір топ аттанады. ОҚО ТЖД апатты-құтқару жасағының жетекшісі М.Бексейітовтың өзі басқарған бұл топта ізшіл иті бар кинолог, психолог және жасақтың баспасөз хатшысы да бар болатын.

Бұл арада құтқару жасағы жетекшісінің орынбасары Ғалымжан Дүйсенбаев тәулік бойы кезекшілікте отырып, 5 адамнан құралған топты дайын ұстап отырады. Бұл құтқарушылар кез келген уақытта хабар түссе, іздеу аймағына жол жүруге дайын отырды.

Таулы аймаққа жеткен құтқарушылар екі топқа бөлініп, жоғалған баланы іздей бастады. Сөйтіп, 28-желтоқсан түнгі сағат 03:30-да құтқару жасағының кезекші бөліміне жетекшінің өзі хабарласып, баланың табылғанын айтты. Құтқарушылар ең алдымен әбден ашығып қалған балағы сол жерде тамақтандырып алады.

001

Одан кейін қайтар жолда оқушымен психолог-құтқарушы Клара Үсенова тілдесті. Өстіп отырып ауылға жеткен соң құтқарушылар баланы ата-анасына аман-есен табыстады.

002

003

Осы тұста құтқарушылардың өз жұмыстарын тиісті дәрежеде атқарып қана қоймай, жомарттық танытқандарын да атап өту керек. Жаңа жыл мерекесінің жақындап қалғанын ескерген құтқару жасағының жетекшісі М.Бексейітов «тауға қыдырғыш» балаға ақшалай сыйлық, ал төтенше жағдай департаментінің бөлім бастығы Н. Әсібекұлы ұялы телефонды сыйға тартты. Ағалары сыйлықты беріп тұрып жас баладан бұдан былай тауда жалғыз қыдырмауға уәдесін алды.

004

Бұл құтқару операциясына құтқарушылардан бөлек Түлкібас ауданының полицейлері мен прокуратура қызметкерлері, жергілікті билік өкілдері мен мектеп мұғалімдері, жергілікті тұрғындар да атсалысты.

005

Таңғы сағат алтыда біраз шаршаған, дегенмен, жас баланы ата-анасының қолына аман-сау тапсырғандары үшін өздерін көңілді сезінген құтқарушылар Шымкенттегі өздерінің жұмыс орындарына оралды.