Бұған біз облыс оқушыларының арасында жыл сайын ұйымдастырылатын «Табиғат әлемі балалар көзімен» байқауында көз жеткізгендей болдық.
Облыстық тарихи-өлкетану мұражайында үздік деп танылған суреттер мен бұйымдар көрмеге қойылды. Оқушылар туындыларында жарамсыз қалған немесе істен шыққан ескі заттарды пайдаланыпты. Соның арқасында тамаша жаңа бұйымдарға өмір берген. Табиғаттың сырына үңіліп, оны қылқаламмен шебер бейнелей білген.
Байқау қорытындысы бойынша ІІІ-орын алған 8 оқушыға планшет, ІІ-орын алған 8 оқушыға ноутбук, І орын алған 8 оқушыға компьютер сыйға берілді. Сондай-ақ орын алмаса да туындылары үздік деп танылған оқушылар арнайы Алғыс хатқа ие болды.
«Экология балалар көзімен» номинациясы бойынша жүлделі І-орынды Шымкент қаласы Т.Тәжібаев атындағы №47 мектеп-гимназиясының 5-сынып оқушысы Жұлдыз Әбдікәрім мен Балалар көркем сурет мектебінің шәкірті Алтынай Әшірова алды. Олар ақ параққа табиғат туралы өз ойларын қылқаламмен әсем өрнектеген.
«Табиғат тынысы» номинациясы бойынша І орынды Отырар ауданы Жамбыл атындағы мектеп-лицейдің 9-сынып оқушысы Наурызбай Оразбай мен Бәйдібек ауданы О.Тайманов атындағы өнер мектебінің шәкірті Ләззат Жақсылық жеңіп алды. Айналадағы сұлулық пен экологиялық ахуалды фото арқылы жеткізуге талпынғандығы қазылар тарапынан жоғары бағаланды. Қолдарына фотоаппарат алып, ауылдарының бет-бейнесін, тазалығын, тіршілігін, табиғатын суретке түсіріп шыққан. Қатысушылардың арасында интернеттен жүктеп алған суреттерді жолдаған балалар да кездесті. Тиісінше әділқазылар бағалауға келгенде олардың ұпай сандарын кемітіп, өздері еңбектенген қатысушыларға жоғары ұпай қойыпты.
Ұлжан Қамытбекова, облыстық экологиялық орталықтың директоры:
– Табиғатымызды аялап, қоршаған ортаны қорғауға үндейтін мұндай шара оқушылардың шығармашылығын шыңдайды. Балалардың жұмыстарын кәсіби суретшілер, дизайнерлер мен эколог мамандар бағалады.
«Табиғат формаларының пластикасы» номинациясы бойынша І орынды Сайрам ауданы С.Сейфуллин атындағы мектеп-гимназиясының 10-сынып оқушысы Әсел Нурадин мен Шымкент қаласы ОЭО, «Экология человека» үйірмесінің шәкірті Владимир Кудряшов алды. Ағаштың тамыры мен қажетсіз заттардан жасалған әп-әдемі өнер бұйымдары көптің көңілінен шықты.
«Табиғат айнасы» номинациясы бойынша І орын Төлеби ауданы Ш.Уәлиханов атындағы №2 жалпы орта мектебінің 9-сынып оқушысы Шапағат Пірімбек пен Шымкенттегі Батырбек Өтеп атындағы «Өнер» мектеп-интернатының оқушысы Ұлжан Қожан иеленді. Бұл балалар дәнді-дақылдарды, гүлдер мен өсімдіктерді пайдаланып, түрлі бұйымдар жасаған. Қолдарынан шыққан әрбір туынды ұшқырлықты, ептілікті, төзімділікті қажет ететіні көрініп тұр.
Әйгерім Бегімбет
Суреттер — автордікі
«Оңтүстік Рабат», №49, 03.12.2014