Жасөспірімдер кітапханасы жаңа кітаптармен толықты

872
2049

Жас оқырмандар үшін жағымды жаңалық. Облыстық жасөспірімдер кітапханасы жаңа еңбектермен толықты. Студенттер үшін де салалық кітаптар жеткізіліпті.

Жасөспірімдер кітапханасында 144 742 кітап бар

Арайлым Тұяқбаева – болашақ дәрігер. Студент қаламыздағы жасөспірімдер кітапханасына жиі жүгінеді. Мұнда дәрісіне қатысты салалық кітаптарды оқиды. Енді жаңа еңбектермен танысуға келіпті.

Арайлым Тұяқбаева, оқырман: «Кітапханаға жиі келетін себебім, көбіне ғаламтордан таба алмайтын тақырыптарды осы жерден табамын, ізденемін. Толық нұсқаларын оқимын. «Анатомия» деген кітаптың жаңа нұсқасын таппай жүр едім, енді келіпті. Қолға беріп жатыр.»

Жаңа кітаптың 2049-ы қазақ тілінде жазылған

Облыстық жасөспірімдер кітапханасы медициналық қана емес көркем әдебиет және қоғамдық саяси кітаптармен де толықты. Бүгінге дейін кітапқоры 144 742 болса, енді ол 2413-ке артты. Соның 2049-ы қазақ тілінде. Және студенттердің сұранысы бойынша кітаптардың 40 пайызын салалық жинақтар құрап отыр.

Гүлмира Жанысбекова, облыстық жасөспірімдер кітапханасы директорының орынбасары: «Жастар, студенттер кітаптарды көбіне медициналық, математикалық және туризм салалары бойынша сұрап келеді. Әрдайым сұраған еңбектерін тауып беруге тырысамыз, бүгінде оқырманның сұранысы бойынша жаңа кітаптарды жеткіздік, келесі жылы да салалық еңбектерді әкелеміз деп жоспарлап отырмыз.»

Биыл кітап қорының толығуы үшін қазынадан 2 млн. теңге қаржы бөлінген

Кітапханада әзірге жаңа еңбектерге мөр басылып, сөрелерге жайғастырылып жатыр. Айта кетейік, биыл облыстық жасөспірімдер кітапханасының жаңа кітаптармен толығуына қазынадан 2 миллион теңге қаржы қаралған.