«Білімім-Отаныма» атты бірыңғай тәрбие сағаты өтеді

21

Соңғы қоңырау тәрбие сағаты ретінде өтеді. Бұл туралы білім басқармасы мәлім етті. Сонымен қатар мамандар іс-шара біткеннен кейін мектеп бітіру кешін ұйымдастыруға шектеу қойылғанын айтады. Ал жыл басынан бері жасөспірімдер арасында 8 суицид тіркелген. Сондықтан мамандар жаңа жобаны қолға алмақ.

Шымкентте биыл мектеп оқушылары арасында 8 суицид тіркелді. Сондықтан қаланың бас педагогы балалар арасында өз-өзіне қол жұмсауды азайту мақсатында жаңа жоба пилоттық режимде қолға алынғанын айтады. Сонымен қатар, алдағы уақытта жасөспірімдер психологиясын зерттейтін компаниямен бірлесіп жұмыс істеу көзделіп отыр.

Нұргүл Шәмшиева, Шымкент қаласы білім басқармасының басшысы: «Келесі аптада қарағандылық ақпараттандыру жүйесі бар компания келетін болады. Осы балалардың психо-эмоцияналдық жай-күйін толыққанды зерттеу, мүмкін боларлық өз-өзіне қол жұмсау фактілерінің алдын алу бойынша біршама тәжірибесі бар компания. Сол компаниямен кездесіп, жұмыс жоспарын алдағы уақытта білгілейтін боламыз»

Ал биыл оқу жылы 25 мамырда аяқталады. Басқарма басшылығы су тасқынына байланысты мерекелік кештерді өткізу қысқартылғанын айтады. Алайда сенбі күні 13 мыңнан аса бітіруші түлектің қатысуымен соңғы қоңырау өтеді. Дей тұрғанмен тәрбие сағатынан кейін оқушылардың жаңа өмірге аяқ басу сәтін мейрамханаларға барып, тойлауға шектеу қойдық дейді Нұргүл Шәмшиева.

Нұргүл Шәмшиева, Шымкент қаласы білім басқармасының басшысы: «Биылғы ерекшелік 1-10 сынып оқушылары арасында «Білімім-Отаныма» атты бірыңғай тәрбие сағаты өтеді. Тек 11 сынып оқушыларына 25 мамыр күні арнайы мектеп бітіруге орай тәрбие сағаты өткізіледі. Бітірушілердің бастамасымен, ата-ананың бастамасымен тауға шығу, өзенге серуенге бару, мейрамханада тойлау сынды шараға тыйым салынады»

Соңғы қоңырау күні әр білім ошағының тыныштығы полиция қызметкерлерінің бақылауында болады. Айта кетейік, биыл 11 сыныпты 13 286, 9 сыныпты 21 485 оқушы бітіреді. Оларға мемлекеттік аттестат беру үшін 31 млн. теңгеден астам қаражат жұмсалған.