Оңтүстікте қаңтардың қара суығы басталмай жатып-ақ, жауған қалың қардың салдарынан республикалық маңызы бар жолдар жабылды. Ал Созақта үскірік боранның салдарынан көліктер жолда қалып қойған. Жарты төбе асуының биігінен аса алмай қиналған жолаушылардың қарасы қалың.
Ал бүгін облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мамандары жол ашылып, қауіп сейілді деп хабарлағанмен, аудан-қаладағы ағайынды жол үстінде құтқарушыларды да көмекке шақыра алмайтыны алаңдатып отыр.
Созақта жолға шыққан ағайын күтпеген жерден табиғаттың тосын жағдайына тап болды. Сарышұнақ аяз күшіне мініп, үскірік боран жолды жауып тастады. Ондаған жүк көліктері Жартытөбедегі асудан өте алмай, тұралап тұр. Жылтыр жолда тайғанақтап, жиекке шығып кеткен жүргізушілер азапқа ұрынды.
Мұнда әдейілеп үйіп қойған топырақты да себуге мүмкіндік жоқ. Өйткені жол үстінде қолға күрек те табылмайды. Қу далада тоңып қалғандар құтқарушыларды да көмекке шақыра алмай әлекке түсті. Себебі бұл аумақта мүлдем байланыс жүйесі жоқ екен. Үскірікпен алысқан ағайын ақырында үйілген топырақты тайғақ жолға қолмен себуге кірісіпті.
Бірақ, көп ұзамай төтенше жағдайлар департаментінің мамандары жұмысқа кірісті. Олар ауа райының қолайсыздығынан жабық тұрған облыстық маңызы бар жолдар қайта ашылды дейді. Енді жолаушы тасымалдайтын автобустардан бастап, ауыр жүк көліктерінің қозғалысына шектеу жоқ көрінеді.
Ерғали Бақаев, ОҚО ТЖД бөлім басшысы: «Расында кеше жол жабылды. Ал бүгін жолдың барлығы арнайы шаралар арқылы ашылды. Бүгінде арнайы техникалар жұмылдырылып отыр. Қорқудың қажеті жоқ, ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ.»