Түнгі аяз жердің бетін қатырып, жол айнадай жарқырап, көктайғаққа айналды. Салдарынан, көк мұзда тайып құлап, аяқ-қолын сындырғандар күн өткен сайын көбейіп барады.
Қыс басталды дегенше Шымкент қалалық амбулаториялық хирургия және травмотология орталығы адамға лық толды дей беріңіз. Себебі, мұнда аяқ-қолын шығарып, сындырып алғандар көптеп келеді. Травмотологтардың айтуынша, барлығы да абайсызда тайып кетіп жарақаттанғандар. Әсіресе, қол-аяғын майып етіп, ем алып жатқандардың көпшілігі жастар екен. Бірі аялдамада құлаған, енді бірі ғимараттардың алдындағы көк мұзға сүрінген. Осы ретте мұзға құлап, майып болмас үшін қарапайым кеңестерді есте сақтап жүргеннің зияны жоқ.
Жүру әдебін сақтаған жөн (1-2 суретте)
– Көшеде жүргенде жерді нық басып жүру керек;
– Мұзды жерді айналып өткен абзал;
– Қолды қалтаға салып немесе ұялы телефонмен сөйлесуге болмайды.
Талғат Айтбаев, №2 Шымкент қалалық амбулаториялық хирургия және травмотологиялық тіректің бөлім меңгерушісі:
– Қыс басталғалы көк мұздан аяқ-қолын сындырып дәрігерге жүгінген адам саны 135-тен асып кетті. Соның 46-сы соңғы үш күнде тайып құлап майыптанғандар. Олардың жарасын таңып, гипстеп, күрделілігіне қарай ауруханаға жатқыздық. Жеңіл жарақат алғандарға ем-дом жасап, үйіне шығарып салдық. Әрине, сынық орнына түсіп, жазылғанға дейін біраз уақыт өтеді. Әдетте түске дейін алты-жеті науқас қабылдасақ, ауа райының күрт өзгерген кездерінде бұл көрсеткіш 1,5 есе өсіп кетеді. Ондайда күшейтілген бригада қызмет көрсетеді.
Аяқ киімді дұрыс таңдай білейік
Қыстыгүні аяқ-киімнің де өзіндік рөлі бар. Мамандардың айтуынша, дұрыс таңдалған етік аяқты қыстың ызғарлы суығынан қорғап қана қоймай, құлап жарақаттанудан да сақтайды.
Сондықтан да мамандар қыстыгүні:
– Өкшесі биік емес;
– Табаны қалың; (7 мм)
– Бұдырлы аяқ-киім таңдауға кеңес береді.
Құлаудың өзі бір өнер (3-6 суретте)
«Мұзға тайып құлап, майып болмас үшін дұрыс құлай білу керек. Егер дұрыс құлай білсеңіз, қандай биіктен құласаңыз да, еш жарақат алмайсыз», – дейді дәрігерлер.
Айтуларынша, құлап бара жатқанда жерді қолмен тіреуге болмайды. Себебі, дененің бар салмағы тірек болған қолға түсіп, қол сүйегі сынуы, шынтағы шытынауы немесе білезігі таюы мүмкін. Сондай-ақ, дәрігерлер құлап бара жатып шынтақпен жерді тіреуге болмайтынын айтады. Мұндайда шынтақ сынбаса да, бұғана зақымданады екен. Ал тепе-теңдікті сақтай алмаған адамдар көбіне тізесін тірей жығылады. Нәтижесінде тізе жарылады. Жамбасты «жұмсақ» деп есептейтіндер де қателеседі. Жамбаспен жығылған жанның омыртқасы зақымдануы немесе құйымшақ орнынан тайып кетуі мүмкін. Шалқалап құлап жатып бар салмағымен басымен жерге соғылудың да ауыр зардаптары бар екенін естен шығармаған абзал. Осы ретте мамандар:
– Ішпен түсуге,
– Бір бүйірлеп құлауға;
– Арқасымен жығылуға кеңес береді.
Егер шалқалап құлап бара жатсаңыз басты көкірек тұсына қарай еңкейтіп, қалқалап қалуды да ұмытпағаныңыз абзал. Ал егер қолыңызда ауыр сөмке болса, лақтырып жіберіңіз.
Ақыры құлаған екенсіз, онда орныңыздан тез тұрып кетуге асықпаңыз. Бірінші кезекте соғылған жеріңізді мұқият қарап, ауыр жарақат алмағаныңызға көзіңізді жеткізіңіз. Егер ауыр жарақаттанбасаңыз, соғылған жерге екі-үш күн бойы мұз басыңыз. Төртінші күні жылы құм, тұз басуға болады. Ал, соғылған жеріңіз ауырып мазаңызды алса, дәрігер көмегіне жүгінгеніңіз абзал.
Дайындаған – Айжан ЕРМЕКҚЫЗЫ
«Оңтүстік Рабат», №51, 17.12.2014