Қаланың қақ ортасындағы қой базарын жабу керек. Дулати көшесінің бойындағы жеке үйдегі тұрғындар кәсіпкерлікті тексеруге жасалған мораторийді пайдаланып, мал саудасын заңсыз жасап жатыр. Сорықысы сол, көп жылдан бері бұл әрекетке ешкім тыйым сала алмай келеді. Өткен жылдың соңғы сессиясында қалалық мәслихаттың депутаттары ветеринария бөліміне сол былықты жою туралы тапсырма берген.
Кәсіпкерлікті тексеруге жасалған мораторийдің арқасында бір жыл бойы қораларында қой саудалап, сойып келген Дулати көшесіндегі азаматтар заңсыз әрекетерін тияр емес. Осындағы 6 кәсіпкердің жұмысын тоқтату туралы соттың да шешімі шыққан. Алайда ол әлі күнге дейін орындалмады.
Мамандардың мәлімдеуінше, осындағы бір ғана кәсіпкерде мал саудалап, союға рұқсаты бар, өзгелері сол құжатты бетке ұстап, білгенін жасап жатыр. Ал қала әкімдігінің ветеринария бөліміне сол кәсіпкерлердің іс-әрекеттерін тексеру құзыры аумақтық инспекциядан енді ғана беріледі.
Әзірге Дулати көшесінде мал саудасы қызып тұр. Қаланың қақ орталығы болғандықтан, бұл мәселеге қалалық мәслихаттың депутатары да алаңдаулы.