фото: //mk.ru

Халықтан жарақат салатын және оқпен атылатын қаруларды сатып алу ісі жалғасуда. Айта кетейік, өткен жылдың қараша айынан бастап бұл қару түрлерін азаматтардың өзін-өзі қорғану мақсатында пайдалануға тыйым салынған. Сондықтан келер жылға дейін аталған қару-жарақтарды ішкі істер бөліміне тапсырмасаңыз, қылмыстық жауапкершілікке тартыласыз.

фото: //mk.ru
фото: //mk.ru

Жыл басынан бері жергілікті тұрғындардан жүз шақты травматикалық және оқпен атылатын қару-жарақ қабылданған. Бұдан былай аталған қару түрлері тек қызметтік мақсатта ғана пайдаланылады.

Былтыр қабылданған заңға  сәйкес қолында травматикалық немесе газбен атылатын қаруы бар азамат жергілікті ішкі істер бөліміне келіп, қаруын тапсыруы тиіс. Өзімен бірге қаруға берілген рұқсат құжатының түпнұсқасы, жеке куәлігі, банктен есеп-шоты болуы тиіс. Тиісті мамандардан құрылған сарапшылар тобы қаруды тексереді. Оның иесіне төеленетін өтемақы мөлшері сараптама қорытындысына сай болады.

Тапрысылған қарулар 3 санатта бағаланады. Тұрғындардың өзі тапсырған қару құнының 50-90 пайызына дейін өтемақы алуына мүмкіндік бар. Мәселен, оқпансыз тапанша — 44 мың теңгеге, «Оса» тапаншасы 250 мың теңгеге дейін бағалануы мүмкін.

Шымкент тұрғыны Вячеслав Мангалёв Еңбекші полиция бөліміне «Стимер» тапаншасын тапсырды. Ол қаруды қорғану мақсатында осыдан 5 жыл бұрын сатып алыпты. Алайда, сатып алғалы бір рет әжетке жаратпағанын айтады.

Құзырлы орган өкілдері азаматтардан қаруды қабылдауды жыл аяғына дейін жалғастырады. Бұл мақсатқа 86 миллион теңге бөлінген. Осыған дейін қару тапсырған үш азаматқа 100 мың теңге төленіпті.

Айта кетейік, келер жылдан бастап тыйым салынған қару түрлерін пайдаланған азаматтар қылмыстық жауапкершілікке тартылады.