Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтың төрағалығымен өткен мәжілісте облыстық қаржы басқармасының басшысы Роза Исаева өзі жетекшілік жасайтын мекеменің 2014 жылы атқарған жұмыстары бойынша есеп берді. Басқарма басшысы айтып өткендей, 2014 жыл экономикалық тұрғыда қиын кезең болғанына қарамастан, дер кезінде қабылданған шаралардың нәтижесінде облыс бюджетінің түсімдері жоспарға сай атқарылып, кейбір көрсеткіштер бойынша болжамды түсімдер артығымен орындалған.

005

Облыс бойынша 2014 жылдың бюджетіне 220,1 млрд. теңге түскен. Бұл – 2013 жылмен салыстырғанда 7,8 млрд. теңгеге артық. Оның ішінде жергілікті бюджетке түсетін салықтар мен басқа да түсімдердің жоспары 103,5%-ға орындалыпты. Көрсеткіш алдыңғы жылмен салыстырғанда 9,4%-ға артып, бюджетке қосымша 6,8 млрд. теңге аударылған.

2014 жылғы бюджеттің көлемі 2013 жылмен салыстырғанда 65,4 млрд. теңгеге артқанына қарамай, игерілмеген қаржы 40 млн. теңгеге азайып, 99,8%-ға орындалған. Бюджет қаржысын игеруде облыстың көрсеткіші республика бойынша алдыңғы үштікте.

Мүлікті жария ету жұмысы бойынша биылғы 1-қаңтарға дейін облыс тұрғындарынан жергілікті атқарушы органдар жанынан құрылған комиссияларға 371 өтініш түсіп, оның негізінде 170 нысан бойынша 891,7 млн. теңгені құрайтын мүлік жария етілген.

ҚР Үкіметінің бекіткен кешенді жоспарына сәйкес 2014 жылы Оңтүстік Қазақстан облысының коммуналдық меншігіндегі жекешелендіруге жататын 6 ұйым сауда-саттыққа қойылып, оның 4-уі жалпы 70,8 млн.теңгеге сатылған. Қалған екі ұйым биылғы сату кестесіне енгізілген.

Басқарма басшысының есебін талдаған облыс әкімі басшысы мемлекет қаржысын мерзімінде әрі сапалы игеру әрбір мемлекеттік қызметшінің басты міндеті екенін ескере отырып, құрылыс саласында белгіленген мерзімнен кеш тапсырылған нысандар бойынша жауапты тұлғаларға шара көруді тапсырды. Тиісті сала басшыларына өзі жетекшілік ететін мекемелер бойынша бюджеттік тәртіптің қатаң сақталуын қадағалауды, бюджет қаражатының тиімді жұмсалуына талдау жүргізуді міндеттеді.

Дереккөз: ОҚО әкімі аппаратының баспасөз қызметі