Өнерді серік еткен Рысдәулетовтер

Былтырғы жылдың қорытындысы бойынша облыс өнерпаздарының ішінен «Жылдың үздік әншісі» номинациясын жеңіп алған Рысдәулетовтер отбасылық халықтық «Өркен» тобы тек облыс емес, республикаға да танылып келеді. «Өркендік» әншілер бір әке мен ананың ұлдары, яғни, ағайынды бауырлар.

2-026

Топ мүшелеріне жеке тоқталатын болсақ, үйдің тұңғышы Өркен 30 жаста. Ұжым аты осы жігіттің есімімен аталған. Екінші перзент Еркін 28-де. Нұржан 26 жаста. Бұл үш жігіттің де музыкалық кәсіби білімі жоқ. Бірақ, бойларындағы таланттың тас жаратындығын дәлелдеп жүр. Әкелері Серіктің тәрбиесі олар үшін үлкен мектеп деп айтуға болады. Өйткені ол кісі кәсіби музыкант. 25 жыл Бәйдібек аудандық мәдениет бөлімінде қызмет етіп, музыкалық сүйемелдеуші, клуб меңгерушісі қызметтерін атқарды. Соңғы он жылдан бері Сайрам ауданындағы «Манкент» шипажайында мәдени іс-шараларды ұйымдастырушы болып қызмет етіп келеді.

Топ мүшелері Ерлан мен Ақтөре кәсіби түрде музыкалық білім алған. Екеуі де облыстық «Саз» колледжінің түлектері. Ерланның жасы 26-да. Ақтөре 20-да.

Рысдәулетовтер отбасылық халықтық «Өркен» тобы 1998 жылы құрылған. Әрине, ол кезде топ мүшелері әлі бала. Балалығына қарамастан сахнада өнер көрсетіп, көпшіліктің қошеметіне бөленіп жүрген. Түрлі додаларда өнер көрсетіп, талантымен көпті таң қалдырған. Олардың сахнадағы алғашқы жеңісі 1999 жылы орын алды. Рысдәулетовтер Ордабасы ауданындағы облыстық отбасылық ансамбльдер байқауында жеңімпаз болды. Оң мен солды ажырата бастаған жігіттер 2004 жылы тағы да отбасылық ансамбльдер байқауының жеңімпазы атанады. Ал 2010 жылы Шымкентте өткен облыстық «Менің Қазақстаным!» байқауында ІІ-орынға ие болды. 2011 жыл топ үшін жемісті болды. Осы жылы ұжым халықаралық «Менің Қазақстаным!» додасында І-орынды, «Арай» республикалық байқауында ІІІ-орынды иеленіп, Қызылорда қаласында өткен аймақтық патриоттық әндер конкурсында І-орынға қол жеткізді. Былтырғы жыл да «өркендіктер» үшін жаман болмады. Ұжым облыс бойынша «Жыл патриоты» жастар сыйлығын, «Жылдың үздік әншісі» номинациясын иеленді.

Жігіттер мұнымен шектеліп қана қоймай, өз өнерлерін шыңдау мақсатында тыңдарман қауым үшін үнемі ізденіс үстінде жүреді. Бүгінде топтың қоржынында 30-ға жуық ән бар. Оның 15-ке жуығы эстрадалық бағыттағы, қалғаны халық әндері мен қазақ композиторларының туындылары. Айта кетейік, «Өркен» тобы жергілікті композитор әрі өнердегі досы Қанат Қалтаймен тығыз шығармашылық байланыста. Тыңдарман қауымға тез таралып кеткен «Гүлижаным» атты әні жас композитор Қанаттың туындысы. Сөзін әуесқой ақын Ілияс Оспанов жазған. Айтпақшы, жігіттер аталған әнге былтырғы жылдың көктемінде бейнебаян түсірген болатын. Алайда екінші бейнеклип түсіру, оны айналымға беру қомақты қаражатқа келіп тірелетіндіктен әзірге бір бейнебаянмен шектеліп отыр. Себебі олардың бүгінгі табысы ән жаздыру мен сахналық костюмнен артылмайды екен. Дегенмен жігіттер «бастысы қарнымыз тоқ, көйлегіміз көк» деп бүгініне шүкіршілік етуде.

2-025

Рысдәулетовтер өнер жолы ауыр жол екенін жоққа шығармайды. Соның ішінде топ алғаш құрылған жылдары қиыншылықтың талайын көрген жігіттер ол күндердің ұмытылмас естелік болғанын жасырмайды.

«Ұжымдық жұмысты енді бастаған шағымызда небір қиын кезеңдерді бастан өткердік. Тәжірибеміз жоқ, әлі баламыз. Сахналық костюм табу үлкен мәселе болды. Әлі есімде түнімен көзінің майын тамызып отырып анамыз бізге сахналық костюм тігіп беретін. Одан өзге бүгінгідей аппаратура деген ол заманда болмады. Кәдімгі «ямаха». Ол жиі бұзылатын. Онымен қоймай жарық сөніп қалып, талай музыкасыз ән айтқан кездер болды. Бүгінде шүкір, оның бәрі артта қалды», – дейді топ мүшесі Өркен Рысдәулетов.

«Өркен» тобы тыңдарманын өз өнерлерімен тәнті етіп келе жатқан талантты ұжым. Әңгіме барысында топ мүшелері алға қойған мақсаттарымен де бөлісе кетті. «Жеке ән жинағымызды шығаруды жоспарлап отырмыз. Жинақты осы уақытқа дейін халыққа ұсынуға болатын еді. Әніміз де баршылық. Бірақ ұсынған дүниеміздің сапалы болғанын қалаймыз. Алла берген талантты дамыта отырып, әсем ән сыйлауды ел алдындағы борышымыз санаймыз», – дейді топ жігіттері.

Ендеше, өнерлі ұжымға тек шығармашылық табыс тілей отырып, алдағы уақытта күллі қазақ жұртын өнерлерімен сусындатып, ел мәдениетінің дамуына өз үлестерін қоса береді деп сенеміз.

Дайындаған – Жансая Тәуекелқызы

«Оңтүстік Рабат», №2, 14.01.2015