«Қазақстан» кинотеатры Достық пен бірлік шаңырағына айналады

Шымкенттегі «Қазақстан» кинотеатрында барлық ұлттың әндері шырқалып, билері орындалады. Себебі, енді бұл ғимарат облыс әкімдігінің «Қоғамдық келісім» мемлекеттік коммуналдық мекемесі деп аталады. Бұған дейінгі Халықтар Достығы үйіндегі этно-мәдени орталықтар биыл осында көшпек.

001

 

Халықтар достығы үйіне сырттан қарасаң, жым-жырт. Алайда, этномәдени орталықтардың жұмысы қызып тұр. Алғашқы шара — ақпан айында өтетін «Менің Қазақстаным» фестивалі. Ал жыл соңына дейін Ассамблеяның мерейтойына арналған өзге мерекелік бағдарламалар жаңа ғимаратта өтуі де ғажап емес.

Шешен-ингуш этномәдени орталығының төрағасы өзге әріптестері секілді бұл жаңалықты қуана қарсы алғанын жасырмайды.

Хасан Бациев, шешен-ингуш этномәдени орталығының төрағасы: «Әрине, мен мұндай істі қолдаймын. Облыс басшысы осындай қиыншылықтарға қарамастан жаңа ғимаратты жөндеуге қаржы қарастырып отыр. Кешегі күні барлығымызбен кездесіп, сонда бардық. Ақылдастық. Сондықтан мен бұл бастаманы қолдаймын.»

Кезінде Шымкенттің бірегей нысандарының бірі болған кинотеатр бүгінде қараусыз қаңырап тұр. Жылу жүйесі істен шығып, төбесінен су ағып тұрған үлкен нысан жекенің қолына өткелі 10 жылдан асқан. Бүгінде облыс әкімдігі нысанды банктегі кепілдіктен коммуналдық меншікке қайтарды.

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=ji6ns964Mck[/youtube]

Бұл үшін бюджеттен 300 млн. теңге бөлінді. Қазір құрылысшылар мен сәулетшілер орталық басшыларымен бірлесіп, жаңа ғимаратты қайта қалпына келтіруді бастау үшін түрлі нұсқаларды қарастыруда.

Ермек Қыдыров, ОҚО құрылыс басқармасы басшысының орынбасары: «Қазір сәулет басқармасы бізге 6 нұсқаны ұсынып отыр. Соның бірін нақтылап, алдағы күндері жобалық-сметалық құжатты дайындаймыз. Сонда барлығы нақты болады.»

Сөйтіп, Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығында өңірдегі этномәдени орталықтарының мыңдаған өкілдері жаңа Достық шаңырағына қоныстанады.