Қазақстанның кәсіби скрипкашылары Шымкентке жиналды. Халықаралық байқаулардың жеңімпаздары балалар өнер мектебіне арнайы ат басын бұрып, концерт ұйымдастырды. Кездесуге себеп болған мектеп басшылығы бұл басқосудың скрипкадан сабақ алатын жас өнерпаздар үшін берері көп дейді. Өйткені Қазақстан камераты мемлекеттік ансамблінің музыканттары шәкірттермен жүзбе-жүз кездесіп, классикалық музыка, аспаптың қыр-сыры туралы айтты.
Жиырма адамнан тұратын скрипкашылар түрлі бағыттағы шығармаларды ойнап, шеберлік сабағын өткізді. Әдеттегіден өзгеше концертті ерекше ықыласпен тамашалаған балалар өнер сахнасында тәжірибесі мол ағаларымен жүздесіп, ерекше сабақ алғандарына қуанышты.
Фатима Жұмағұлова, Мемлекеттік ансамбль директорының орынбасары: «Біз Қазақстанның барлық қалаларына гастрольдік сапармен шығып тұрамыз. Тек үлкен опера залдарында ғана емес, сонымен қатар балалардың саз және өнер мектептерінің сахнасында да өнер көрсетеміз. Бұл — өнерге енді қадам басқан жас дарындарды, оқушыларды классикалық музыкаға үндеу болып табылады. Болашақта біз скрипкада балалардың өздерімен қосылып ойнамақпыз. Біздің бұл қолға алған ісіміз олардың өнерге, музыкалық аспапқа деген қызығушылығын арттыратынына сенімдіміз.»