Қалың бұқараға көмек қолын созып, облыс халқының аз қамтылған топтарына жәрдем беруден қалыс қалмай келе жатқан «ПетроҚазақстан Ойл Продактс» ЖШС бұл жолы да дәстүрінен жаңылмады. Шымкент қаласында орналасқан «ПетроҚазақстан Ойл Продактс» компаниясы жаңа жылда Еңбекші ауданына қарасты мектептердің бастауыш сынып оқушыларына үлкен сый жасады.
Қалалық балалар және жасөспірімдер орталығында Еңбекші аудандық әкімшілігінің ұйымдастыруы бойынша аз қамтылған отбасы балаларына арналған жаңажылдық ертеңгілік өтті. «ПетроҚазақстан Ойл Продактс» ЖШС-нің демеушілігімен өткізілген ертеңгілікке Еңбекші ауданына қарасты тұрғын алаптарынан барлығы 52 мектептің оқушылары қатысты. Еңбекші ауданының әкімі Ғалымжан Ілиясовтың айтуынша жаңажылдық шыршаға шақырылған 300 баланы түгел қамту үшін, 150 баладан екі топқа бөліп, екі лекте өткізуге тура келген.
«Балаларымыз әр жылы Жаңа жылды асыға күтеді. Еңбекші аудандық әкімдігі жаңажылдық шырша болатын күннің бір күн бұрын хабарласып, балаларымызды ертеңгілікке шақырған кезде, қыздарым мен ұлдарым алақайлап, орындарынан секіріп, қатты қуанды. Таңның атуын асыға күтіп, алагеуімнен оянып алып, «Шырша көреміз, Аяз ата мен Қарша қыздан сыйлық аламыз» деп айтумен болды. Осы жаңажылдық шыршаны ұйымдастырушыларға, қолдау көрсеткен «ПетроҚазақстан Ойл Продактс» ЖШС-не көп-көп алғыс білдіремін. Барлық жамандық ескі жылмен бірге қалып, Жаңа жылда тек жақсылықтар бола берсін!» — дейді ата-ана Наталья Васильевна.
Бұл жаңажылдық ертеңгіліктің басты ерекшеліктерінің бірі, оқушылардың арасында Сайрам және Төлеби ауданынан қала аумағына қосылған ауылдардың балалары да бар. Қалалық тұрғынға айналған балалардың арасында мұндай ауқымдағы жаңажылдық ертеңгілікке алғаш рет қатысып отырғандары да бар.
Еңбекші ауданына Төлеби мен Сайрам аудандарынан барлығы 21 елдімекен қосылған. Соның ішінде Сайрам ауданынан қосылған елдімекендерде орналасқан 3 мектептің оқушылары бар.
Күлайхан Жақыпбекқызы: «ПетроҚазақстан Ойл Продактс» ЖШС-нің қоғаммен байланыс жөніндегі аға үйлестірушісі:
Біздің «ПетроҚазақстан» компаниялар тобы сол өңірлерде орналасқан жұртшылыққа қолдау жасап келеді. Оңтүстік Қазақстан облысы аумағында орналасқан зауытымыз әр Жаңа жылда балалар мен тұрмыс жағдайы төмен отбасыларға сый-сияпат жасайды. Биыл Еңбекші аудандық әкімшілігі жаңажылдық шырша өткізетіндерін, соған демеушілік көрсетуді сұрады. Мұндай ертеңгіліктер бұған дейін де осы «Қалалық балалар және жасөспірімдер орталығында» ұйымдастырылған кезде, қолдау көрсетіп келгенбіз. Биыл да сол дәстүрімізден жаңылмадық. Бұл іс-шаралардың барлығы Жаңа жылда балаларға қуаныш сыйлау үшін жасалып жатыр. Бүгін балалардың қуанғандарын көріп, біз де шаттанып отырмыз. Жыл өткен сайын мұндай іс-шаралардың ауқымы кеңейіп, бұдан да қызықты етіп өткізе беретін боламыз. Балалардың армандары орындала берсін деп тілеймін.
Жаңа жылды асыға күткен балалар жаңажылдық кешке ертегі мен комикс кейіпкерлерінің киімдерін киіп келген. Әрқайсысы өздерінің карнавалдық костюмдерімен жаңажылдық шыршаның сәнін, көркін қыздырды.
Балаларға қуаныш сыйлауды мақсат еткен жаңажылдық шырша бүлдіршіндердің жаппай билеп, ән салуымен басталды. Әдеттегідей Аяз ата мен Қарша қызды ортаға шақырған балалар Жылқы жылын шығарып салып, Қой жылын қарсы алды.
Мыстан кемпір, қасқыр мен қоян және тағы да басқа көптеген ертегі кейіпкерлері ортаға шығып, өнер көрсетті.
Еңбекші ауданының кішкентай тұрғындарына арналған жаңажылдық шыршада барлық балаларға «ПетроҚазақстан Ойл Продактс» ЖШС тарапынан сыйлықтар берілді. Қайырымды компания өкілдерінің айтуынша, балаларға арналған мұндай сый-сияпат тек осы жаңа жылмен шектеліп қалмай, жыл бойына жалғаса береді.