Ақпан айында облыс әкімдігі жаңа ғимаратқа көшеді

2015 жылы өңірде 148 жаңа ғимарат пайдалануға беріледі. Олардың бірегейі — Шымкенттегі жаңа әкімшілік іскерлік орталығындағы облыс әкімдігінің ғимараты. 16 қабатты зәулім нысанға алдағы айда өңірдің басшысынан бастап ондаған басқарма, департамент ұжымдары қоныстанады.

005

Мұнда негізгі құрылыс жұмыстары аяқталған. Қазір соңғы жұмыстар атқарылуда. Жұмыстың соңына жеткенін терезелерді сүртіп, тазартып жатқан альпинистен-ақ байқауға болады.

Әкімдіктің оң қанатында облыстық мәслихат орналасқан. Ішке енсеңіз, шкафтар жиналып, қабырғадағы ағаш безендірулер жасалып жатыр. Ең соңғы кезекте байланыс жүйесін орнатамыз дейді облыстың бас құрылысшысы. Бұл күндері Ермек Сағындықұлы күндіз-түні осы нысанның басында жүр.

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=v9f9K9sahFI[/youtube]

Ермек Қыдыров, ОҚО құрылыс басқармасы басшысының міндетін атқарушы: «Бірінші кезекте мұнда облыс әкімінің аппараты және қазір ескі ғимараттарда отырған басқарма, департаменттер келеді. Негізі облыстық құрылымдардың көбі орналасқан нысандарды жалға алып отырмыз. Енді олар өз ғимаратында отырып жұмыс жасайды.»

Ғимараттың жобалық-сметалық құны о баста 2 миллиард 550 миллион теңге болып бекітілген. Кейіннен толықтыру енгізіліп, тағы 380 миллион теңге қосымша бөлінді дейді Ермек Қыдыров. Себебі, сыртқа пайдаланылған құрылыс материалдары сапалысына алмастырылған.

Олар қысқы суыққа, жауын мен күнге төзімді болуы тиіс. Құрылысты жүргізген — «Арт құрылыс» компаниясы. Қатаң назарда болған ғимараттың дер кезінде тапсырылуына 400-дей жұмысшы-маман атсалысқан.