Бүгін де Шымкенттегі аудан әкімдерінің есебі жалғасты. Абай ауданы әкімінің кезекті есеп беру жиынына Шымкентітң әкімі Дархан Сатыбалды да қатысты. 2005 жылы құрылған аудандағы елдімекендердің саны бүгінде 40-қа жеткен. Халқының саны да күрт өсіп, 300 мыңға жуықтады. Былтырдан бастап шағынаудандардан бөлек тұрғын үй алаптары пайда болды. Аудан әкімінің биылғы есеп беру жиындарының бірі осындай Жаңаталап тұрғын үй алабында өтті.
Қалаға қосылған күннен бастап Жаңаталап алабының тұрғындары жолаушылар тасымалдайтын қоғамдық көлікке жарымай келеді. Талай рет №125 бағыттағы қоғамдық көлікке көңілдері толмайтындарын билікке айтты да, шағым жазды да. Бірақ, мәселе әлі шешілмепті. Айта өтейік, тұрғын үй алабына қатынайтын көліктер тым аз, ол аздай — тар. 15 орындықты Газель көліктеріне 20-30 адам мінеді. Бұған қоса қалаға жету үшін бір емес, бірнеше автобусқа мінуге тура келеді.
[youtube]http://youtu.be/t3Jr-xKADic[/youtube]
Жаңаталап тұрғын үй алабындағы 7 елдімекенде шешілмеген коммуналдық мәселе шаш-етектен. Соның бірі — Бадам өзенінің түбін қопарып, тас алатындардың кесірінен тұрғындар ішіп отырған ауызсудан айрылған. Қала әкімі бұған жауапты адам жазаға тартылды дейді.
[youtube]http://youtu.be/rOKASdYthuE[/youtube]
Бұрын қазып алған құдықтарынан 9 метрден су шықса, енді ол 15 метрге дейін төмендеп кеткен дейді жергілікті халық. Бюджет қаражатына жүргізілген су жүйелерінің жарамсыздығынан тіршілік нәрін беру мүмкін болмай отыр. Сапасыз жүргізілген жұмысты қалалық әкімдік қабылдамайды.
[youtube]http://youtu.be/N6HRmZDp0GI[/youtube]
Игілік ауылындағы ағайындардың да айтары көп. 7 мыңға тарта тұрғыны бар елдімекенде емхана, мектеп, балабақша, пошта жоқ. Түйткілді мәселелер мүлдем шешілмеген.
20-қаңтардан бері халық алдында есеп берген Абай ауданы әкімінің бағасын халық берді. Атқарған жұмыстарында қанағаттандық деді. Ал әкім тұрғындардың өзекті сауалдарын жауапсыз қалдырмайтынына сендіріп отыр.