Адам қаққан автобус жүргізушісі екі жарым жылға бас бостандығынан айырылды. №19 бағыттағы автобустың жүргізушісі Нұртай Сейсенбаевқа қатысты істі қараған Әл Фараби аудандық соты осындай шешім шығарды.

«Руслан Корпорация» автобус компаниясының 29 жастағы бұрынғы жүргізушісіне көлік басқарудағы абайсыздығынан адам өлдірді деген айып тағылған. Нұртай Сейсенбаевқа қатысты қозғалған іс 2 айға созылды, одан кейін сот қосымша 2 апта қарап, жүргізушіні тағылған бүкіл айыпқа қатысты кінәлі деп тапты.

Әл-Фараби аудандық сотының төрағасы
Әл Фараби аудандық сотының төрағасы Маратәлі Бекназаров

Маратәлі Бекназаров, Әл Фараби аудандық сотының төрағасы: «Қазақстан Республикасының қылмыстық кодексінің 196-бабының 2-бөлімімен кінәлі деп танылып, 2 жыл 6 ай мерзімде бас бостандығынан айырылсын. Сотталған Сейсенбаев 3 жыл мерзімде көлік жүргізу құқығынан айырылсын.»

Нұртай Сейсенбаев
Нұртай Сейсенбаев

Естеріңізде болса, өткен жылдың 1-қарашасында бір-бірімен жарысқан қоғамдық көліктер «Отырар» аялдамасында соқтығысқан. Аялдамада тұрған № 84 бағыттағы жолаушылар автобусына №19 бағыттағы автобус соғысады. Оқиға мұнымен аяқталған жоқ. № 19 бағыттағы автобусқа тағы бір автобус соқтығысқан.

Соққының қатты болғаны соншалық, бірінші автобус 15 метрге ұшып кеткен. Ал № 19 автобус бір-екі метрге ұшып кетіп, аялдамада тұрған адамдарды жаншып тастайды. Соның салдарынан оқиға орнында 28 жастағы Лаура Әшірова тіл тартпай, көз жұмды.

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=5Q8sHSqoaP0[/youtube]

Сот залында марқұмның туыстары да болды. Қос тарап сот шығарған үкімге қарсылық білдірген жоқ.

«Сот шешіміне келісемін, кінәмді мойындаймын, марқұмның туыстары алдында кешірім сұраймын» деді сотталушы Нұртай Сейсенбаев.

Абай Әшіров, марқұмның әкесі: «Біз қайта шағымданбаймыз, сот үкіміне келісеміз. Бірақ, алдағы уақытта жүргізушілердің жауапкершілігі артса екен деймін. Жүгенсіз жүргізушілер көбейген, олар өзге де автобустармен жарысады, кім болса сол қоғамдық көлікті басқарып жүр. Бұл — дұрыс емес! Олар бір емес, қаншама адамның өміріне жауапты екенін ұмытпаулары керек!»

Қос тарап сот үкімін қайта қарауға құлықсыз