«Қаңтардың қара суығында үйіміздің іші суық. Қабырғасы құлағалы тұр!» Төлеби көшесіндегі апатты деп танылған №15 үйдің тұрғындары осындай шағыммен бас партияның қоғамдық қабылдауында болды.
Айтуларынша, іргесі сөгіліп, қабырғасы қаусаған апатты үй енді күрделі жөндеуге келмейді. Ал қала билігі сараптама жасай келе үйге жөндеу жүргіземіз деп шешім шығарған. Ол аз дегендей, бірнеше күннің ішінде тұрғындар баспананы босатуы тиіс.
№15 үйдің тұрғыны Мәдина Сейітбекова құлаған кірпіштердің орнын күн сайын бітейді. Бірақ қабырғадан уілдеген қара суық тоқтар емес. Іргесі сөгіліп жатқан үй құларға шақ тұр.
Бұған қоса мұнда 25 жылдан бері жылу жүйесі тартылмапты. Соның салдарынан көп балалы ана аурудан көз ашпайтын болдық деп ашынады.
Мәдина Сейітбекова, Төлеби көшесі, №15 үйдің тұрғыны: «Қазір күн өте суық, қатып қалдық. Ауырғанның үстіне ауырып, жуырда ғана ауруханадан шығып едім, қайтадан ауырып қалдым. Кірпіштер құлаған сайын үй суып жатыр, көршілерімнің де кішкентайларының дене қызуы көтеріліп, тұмауға шалдығып жатыр.»
Іргесі 1958 жылы қаланған 2 қабатты үйдің қабырғасы қарс айрылған. Апатты жағдайдағы баспанада тұратын 37 отбасы бүгінде жандарын шүберекке түйіп отыр.
Гүлнәз Төлешова, Төлеби көшесі, №15 үйдің тұрғыны: «Балаларымызды үйдің алдына ойнатуға қорқамыз, басына кірпіш құлап, өліп қалса қайтеміз?! Уайымдап шаршадық. Мұнда көп балалы, әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар тұрады».
Мұндағы тұрғындар аянышты халін «Нұр Отан» партиясының қоғамдық қабылдауында да жайып салды. Атқамінерлер арызды қала билігіне тапрсырған-ды. Ал шаһар басшылығы сараптама жасай келе апатты үйге жөндеу жүргіземіз деп шешім шығарыпты.
Оның үстіне бірнеше күннің ішінде тұрғындар баспананы босатуы керек. Әзірге туыс-жекжатты паналауға кеңес берген қала әкімінің орынбасары наурыз айында ғана тұрғындарға уақытша баспана берілетінін айтты.
Бейсенбек Жанбосынов, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары: «Үйдің барлық емес, бір секциясы ғана апатты. Сондықтан бір бөлігіне ғана бола баспананы апатты деп тану экономикалық жағынан тиімсіз. Ал азаматтарға біз «Нұрсәт» шағынауданындағы соғылып жатқан үйлерден уақытша пәтер береміз. Бұл — жерлестеріміздің далада қалмауы үшін жасалатын шаруа. Тұрғындар «Нұрсәтте» тұрып жатқан кезде үйде сейсмо нығайту жұмыстарының жобалау-сметалық құжаттарын жасаймыз. Бұл жұмыстар толығымен біткеннен кейін азаматтар қайтадан өз үйлеріне көшіріледі».
Осылайша аяқ астанан абдырап қалған ағайын қаңтардың қара суығында қайда барарын білмей дал.
Ләззат Әшірімбет,Төлеби көшесі, №15 үйдің тұрғыны: «Қайда барамыз қыс ауасында?! 2 айда паналайтын жеріміз жоқ қой? Балаларымыздың мектебі мен балабақшасы не болады сонда?!»
Ал қала билігі тұрғындар санаулы күннің ішінде апатты үйді босатуы тиіс деп отыр.