Бауырыңды берші, бауырым!

 

Өңірімізде алғаш рет  бауыр ауыстыру отасы жасалды.  Шымкент қалалық жедел медициналық көмек көрсету ауруханасында жасалған күрделі отаны жергілікті дәрігерлер мен Белорус мамандары бірлесіп өткізген. 16 сағатқа созылған операцияға 5 шетелдік, 7 жергілікті маман жұмылдырылып,  өлім аузында жатқан   науқастың ауру мүшесін алмас­тырып, өмірін ажалдан ара­шалап қалды.

52-016

ТРАНСПЛАНТАЦИЯ. Бізге де келіп жеткелі біраз болды. Бірақ, адам мүшелерін ауыстырып салу шетелде кеңінен қолданылса да, біздің елде рұқ­сат берілгеніне төрт жыл енді толды. Ал оңтүстікте трасплантологиялық отаның қолға алынғанына небары бір жыл болды. Жо­ғары медициналық технологияны меңгеруге кіріскен жергілікті ма­ман­дар осы аралықта күрделі оталарды меңгеру үшін шетелдің атақты клиникаларында дәріс алып, тәжірибе жинақтаған. Шетелге шы­­ғып, білімдерін жетілдіріп қайт­қан дәрігерлер бүгінде Шымкент қалалық жедел медициналық көмек көрсету ауруханасында қиын ота­ны жүзеге асыра бастады. Мәселен, 2013 жылдан бері аталмыш ауруханада 31 бүйрек алмастырылса, енді жергілікті дәрігерлер бауыр ауыстыру отасын да меңгерді. Десек те, отаның өзге қиындығын айтпа­ғанның өзінде, тұрғындарды донор­лыққа тартудың өзі оңай емес. Ақхалаттылардың айтуынша, діни-наным сенімге сәйкес адамдар ағзасын қатты қажетсінген науқасқа беру­ге үрке қарайды екен. Бірақ дәрігерлер адамның ағзалары өзге науқастарға өмір сыйлайтынын айтып, насихат жұмыстарын жүргізсе де, ағзасын беруге кез келген жан келісе бермейтін көрінеді. Мұндай қадамға көбіне жақын туыстар ғана келісім береді екен. Алайда ақхалаттылар донорлықтан қор­қудың да, қашудың да қажеті жоқ екенін айтады. Сөздеріне сүйенсек, аз да болса жасал­ған оталардың сәттілігі жергілікті мамандардың қажетті мүшелерді ауыс­тыруға қабілеті жеткілікті екендігін аңғартады. Ал соңғы үлгідегі құрал-жабдықтармен жабдықталған ме­дициналық мекеменің арқасында шетелге барып тексерілуге, ота жа­сатуға аттанудың қажеті жоқ. Дәрігерлердің айтуынша, донорлары бар емде­лушілер Шымкент қалалық жедел медициналық көмек көрсету ауруханасының базасында қаралуына, ота жасатуына то­лық мүмкіндігі бар.

Мұхаметжан Естеміров, ОҚО бас имамының орынбасары: 

– Тіпті, өлім жазасына кесілген адамның дене мүшесін оның рұқсатынсыз алуға болмайды. Дегенмен қайтыс боларының алдында өсиет етіп, дене мүшесін басқа жанға салуға рұқсат етсе болады.

Мәди БЕГАЛИЕВ, Шымкент қалалық жедел медициналық көмек көрсету ауруханасының бас дәрігері:

– Өлген адамды мәйіт ретінде пайдалануды қазір қалың көпшілік арасында кеңінен насихаттаған дұрыс. Өйткені жұртшылық арасында бұған үрке қарайтындар көп. Ал шын мәнінде бұл адамгершілік жағынан алғанда маңызы зор игі іс.

Айтпақшы, сала мамандары қайтыс болған адамның ағзасын алу донор тапшылығы мәселесін шешуге көмектесетінін, кезекте тұрған науқастардың санын 50 пайызға дейін төмендететінін айтады. Айтуларынша, мәйіт донорлығын арттырмасақ, трансплантацияны дамыту мүмкін емес. Бірақ, бұған марқұмның туыстарын көндіру оңайлыққа соқпайды екен. Сол сияқты Германия, Италия, Канада, Фран­ция елдерінде де қайтыс болған адамның ағза мүшелерін туыстарының келісімінсіз алуға болмайды. Ресей мен Австрияға келер болсақ, бұл елдерде қайтыс болған адамның ағза мүшесін туыстарының рұқсатынсыз-ақ алуға заңмен рұқсат етілген. Ал Еуропа мен Америка елдерінде донор болуға кенет­тен немесе алдын ала келісім жа­са­лады. Мәселен, Германияда жылына 4500 орган транс­план­тациялық отаға алынатын болса, соның 620-сы туған-туыстарынікі. Трансплантация мен донорлық жағынан көшбасшы саналатын Испанияда әр миллион тұрғынға шаққанда 35-і өз еркімен донор болуға келіскен.

Ендеше, шыбын жанына араша іздеп шапқылайтындардың да күйзелісін түсінуге тырысып, донор болудан қашпайық, ағайын!

Айжан ЕРМЕКҚЫЗЫ

«Оңтүстік Рабат», №1, 07.01.2015