– Ерғали Бөлегенұлы, сіз талай істің басы-қасында жүріп, көп жанның алғысын алған азаматсыз. Алайда, бүгінгі қызметіңіз жайында көпшілік, соның ішінде ауыл-аймақтағы жұртшылық біле бермейді. Соған орай қазіргі қызметіңіз жайлы тарқатып өтсеңіз…
– Алдымен сонау алыстан, туған жерден хабарласып, менен сұхбат алуды ұйғарғандарыңыз үшін «Оңтүстік Рабат» газетіне рахметімді білдіремін. Оңтүстік өңірі – қазақ халқы көп шоғырланған ел тарихының алтын бесігі іспетті. Бүгінгі таңда облыс еліміздің жетекші индустриалды және аграрлық өңірлерінің қатарына жатады. Бұл жерде көптеген көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері, атақты спортшылар мен мәдениет саласының қызметкерлері тәрбиеленді. Осындай өлкенің халқы өздерінен түлеп ұшқан төл перзенттері, яғни, менің өміріме қызығушылық танытып жатса, неге риза болмассың?!
Бүгінде Президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың ұстанған сарабдал да сындарлы сыртқы саясатын жүргізуге белсене үлес қосып, Қазақстанымызды шет елдерге танытуға еңбек етіп отырмын. Елбасының Жарлығымен 2012 жылдың қаңтарында Қазақстан Республикасының Беларусь Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі, Қазақстан Республикасының ТМД Жарғылық және басқа да органдары жанындағы Тұрақты Өкiлі міндетін қоса атқарушы болып тағайындалуым дипломатиялық мансабымның жалғасы болды. Бұлай дейтін себебім, мен бұған дейін 2008-2012 жылдар аралығында Қазақстан Республикасының Испания Корольдiгіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі және Қазақстан Республикасының Дүниежүзілiк туристік ұйым жанындағы Тұрақты Өкiлі міндетін қоса атқарып келгенмін.
Испанияда, Беларусьте жинақталған дипломатиялық тәжiрибемнің арқасында елдер арасындағы ынтымақтастыққа жаңа серпiн беруге бар күш-жігерімді салудамын. Соңғы екі жылда Қазақстан мен Беларусь арасындағы шарттық-құқықтық база кеңейді, министрліктер мен ведомстволардың, ұлттық компаниялар делегацияларының сапарлармен алмасулары барынша жиіледі.
– Қазақстанды Беларусь жұртшылығына өз деңгейінде таныстырдым деп айта аласыз ба?
– Қазақстанды Беларусь жұртшылығына таныстыру бағытында біраз игі жұмыстар атқарылды. Олардың барлығын айтып жатудың қажеті бола қоймас. Қазақстанның Беларусьтегі Елшілігі барлық бағыттарда үйлесімді қызмет жасайды. Екі ел арасындағы сауда-экономикалық, гуманитарлық, әскери-техникалық ынтымақтастықта ілгерілеушіліктер бар.
Елшілік жұмысындағы негізгі басымдық – достық қатынастарды дамыту, ынтымақтастықты арттыру, қазақстандық мүдделерді қорғау мен ілгерілетуге бағытталған. Аталған мақсаттарды орындау үшін Беларусьте барлық жағдайлар жасалған. Қазақстан мен Беларусь Президенттерінің бір-бірін терең түсінушілігі арқасында екі ел арасында тиімді саяси-экономикалық қарым-қатынастар орнаған.
– Қос мемлекет те посткеңестік елдер қатарында, ұзақ жылдар бір идеологияның жетегінде болды. Бүгінде тәуелсіздік алған, қарқынды дамып келе жатқан Қазақстан мен Беларусь қоғамындағы басты ұқсастықтар және айырмашылықтар неде?
– Басқа посткеңестік елдермен салыстырғандағы Беларусьтің ерекшелігі мұнда жаппай жекешелендіру жүрген жоқ. Қазір де мемлекеттік меншік сақталып отыр. Бізден басты айырмашылығы осында дер едім. Соған қарамастан, оның экономикасы тұрақты дамып келеді.
Ал, Қазақстан мен Беларусь арасындағы ұқсастық – агроөнеркәсіптік ел екендігінде. Олардың кәсіпорындарынан шыққан ауыл шаруашылығы техникасын біз тиімді пайдаланудамыз. Атап айтқанда, Қазақстанда бұл мемлекет зауыттарынан шыққан техника кеңінен қолданылады. Олардың ішінде Бел-АЗ, МАЗ, республикамызда «Минск трактор», «Минск мотор» зауытының, «Амкодордың», «Гомсельмаштың», «Могилевлифтмаштың» машиналары мен агрегаттарын пайдаланбайтын аймақ жоқ.
– Бүгінде Беларусьте қанша қандасымыз тұрады? Олардың көпшілігі қай салада жұмыс істейді?
– Ресми мәліметтер бойынша, Беларусь Республикасында 1355 қандасымыз тұрады. Олар негізінен Минск қаласында, Гродно, Могилев, Витебск облыстарында қоныс тепкен. Көпшілігінің жеке шағын бизнестері бар және ауыл шаруашылығы саласында жұмыс жасайды. Елшілік Беларусь Республикасының аймағында тұратын қазақ диаспорасы өкілдерінің мәселелері бойынша әлеуметтік және талдамалық зерттеулер жүргізіп тұрады және олармен тығыз байланыс жасап, жиі кездесу өткізеді. Беларусьте тұратын қазақ диаспорасы өкілдерінің басын біріктіретін «Атамекен» халықаралық қоғамдық ұйымы бар.
– Ал, ондағы қазақстандық студенттердің дені қай мамандықтар бойынша білім алуда? Жалпы ол елде қандай мамандарды даярлауда тәжірибе басым?
– Бүгінде Беларусь жерінде жалпы саны 300-ге жуық қазақстандық жас білім алуда. Олардың дені компьютерлік сала және ақпараттық технологиялармен байланысты мамандықтар бойынша оқуда. Енді біразы экономика мен ауыл шаруашылығы саласына қатысты мамандықтарды таңдаған. Ал, гуманитарлық ғылымдар бойынша білім алып жатқан студент жоқ десе де болады.
2006 жылы уағдаластыққа қол жеткізген екіжақты келісім бойынша жылына Қазақстаннан 10 студент Беларусь ұлттық техникалық университетінде грантпен оқиды. Ол университетте техникалық мамандар даярлауда тәжірибе басым. Білім алған студенттердің бірен-сараны болмаса, барлығы дерлік Қазақстанға қайтып барып, елге еңбек етуде. Сонымен қатар, Беларусь Республикасының Әскери Академиясында 30 қазақстандық курсант оқиды. Оларды Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі арнайы жолдамамен жіберген. Беларусь Республикасының Әскери Академиясын осы бүгінге дейін 400-ге жуық қазақстандық курсант бітірген.
Беларусь жерінде оқып жатқан қазақстандық студенттер мен курсанттар еліміздің барлық облыстарынан келген. Дегенмен, территориялық жақындыққа байланысты болса керек, Батыс Қазақстан мен Атырау облысынан келген студенттердің саны басымдау. Олар Елшіліктің консулдық қызметіне келіп, арнайы тіркеуден өтеді. Біз өз тарапымыздан олармен тығыз жұмыс жасап, барынша көмектесіп, Елшілікте өткізіліп тұратын әртүрлі мәдени-көпшілік шараларға, спорт жарыстарына шақырып тұрамыз.
– Осыдан біраз жыл бұрын Беларусь ұлттық техникалық университетінде Абай атындағы қазақ тілі, тарихы мен мәдениеті орталығы жұмысын бастап еді. Бүгінде орталықтың жұмысы қай деңгейде жүріп жатыр?
– Иә, 2012 жылы Минскідегі Беларусь ұлттық техникалық университетінде Абай атындағы қазақ тiлi, тарихы мен мәдениеті орталығы ашылған болатын. Бүгінде орталықтың жұмысы жоғары деңгейде деп айтуға болады. Халық ақыны Олжас Сүлейменовтың шығармашылық кешi, студенттер арасындағы Абай оқулары, Мұқағали Мақатаевтың шығармашылығына арналған кештер өтті. Сондай-ақ, Беларусь жерінде білім алып жатқан қазақстандық студенттер Наурыз мерекелерінде бас қосып, әртүрлі тақырыпта дөңгелек үстелдер өткізеді. Бір сөзбен айтқанда орталық еліміздің оң келбетін насихаттайтын мәдени іс-шараларды өткізуге зор үлесін қосып отыр.
– Еңбек жолыңызды Шымкенттегі май комбинатында ұста болып бастағаныңызды білеміз. Арада жылдар өте қызметіңіз бірте-бірте жоғарылады. Бағыт-бағдар беріп, жол көрсететін ұстаз кез келген адамда болары анық. Сіздің ақылшыңыз, ұстазыңыз кім?
– Дұрыс айтасыз, мен қарапайым еңбек етіп, бірте-бірте сатылап көтерілген адаммын. Осы уақыт ішінде көптеген мемлекет және қоғам қайреткерлерімен аралас-құралас болып, біраз жайттарды үйрендім. Нақты ұстазым бар деп айта алмаймын, дегенмен де өзіме үлгі тұтып, ақыл-кеңесін тыңдаған адамдар ретінде Өмірбек Жолдасбековты, Қаратай Тұрысовты, Равиль Шырдабаевты айтар едім.
– Жүзіңізге қарасақ үнемі жадырап жүретін жанға ұқсайсыз. Бірақ, «өкінішсіз адам болмайды» дейді ғой. Келісесіз бе?
– Ашығын айту керек, бұл өмірде менің ешқандай да өкінішім жоқ. Бірнеше жоғары білім алдым, ғылыми дәрежеге ие болдым. Адал еңбектің арқасында ойлаған армандарыма қол жеткіздім. «Генерал болуды армандамайтын солдат жоқ» дегендей, Елші болуды армандамайтын дипломат жоқ. Мен осы дипломатиялық қызметке келгенде еңбек жолымды жай қызметкерден бастадым. «Елші болсам» деп армандап едім, шүкір, Президентіміз еңбегімді бағалап, қолдауының арқасында оған да қол жеткіздім. «Өзі жақсы кісіге бір кісілік орын бар» деп халқымыз айтқандай, қайда еңбек етсем де, маңайымда үнемі жақсы адамдар болды. Бұл, өзіңіз айтып отырғандай, менің үнемі адамдарға жылы қабақ танытып жүретін кішіпейілділік қасиетімнен де шығар.
– Жасыратыны жоқ, бүгінде кейбір мемлекеттік қызметкерлер әлдекімнің сүйемелдеуімен жылы орынтақта отыр. Әлі де өз командасымен келіп-кету арқылы басқару үрдісі жойылар емес. Өз тәжірибеңізде мұндаймен жиі ұшырастыңыз ба? Бұдан қайтсек арыламыз?
– Мен өз тәжірибемде мұндай жағдаймен кездескен жоқпын. Сондықтан ештеңе айта алмаймын.
– Өмірлік ұстанымыңыз қандай? Кімдермен жақын араласасыз?
– Өмірлік ұстанымым – адал еңбек ету, бір сөзді болу. «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» демекші, адал еңбек қашанда нәтижелі жемісін беретініне өз тәжірибемде анық көзім жетті. Мәжіліс депутаты болып жүргенде жақын араласатын адамдарым өте көп болатын. Ал, қазір қызмет бабымен жеті жылдай елден жырақта жүргендіктен, жиі және жақын араласатын адамдарым сиреп қалды. Қазіргі таңда менің ең жақын араласатын адамдарым – өз ұжымым. Елшілік ұжымы өте ұйымшыл, әрқайсысының өз орны бар мықты мамандар. Шет жерде жүргендіктен олар менің нағыз тірегіме айналып отыр.
– Алпысты алқымдадыңыз. Туған жерге түбегейлі қоныс аудару ойыңызда жоқ па?
– Өткен жылдың қазан айында алпысқа толдым. Қызмет бабымен шетте жүргендіктен, мерейтой ретінде атап өтуге уақыт та, мүмкіндік те болмады. Елшілік ұжымы, елдегі туған-туыс, жора-жолдас, Сыртқы істер министрлігінің басшылығы және әріптестерім қызу құттықтап жатты. Сол туған күнімде Мәжілісте бірге қызметтес болған әріптестерім, бір топ Қазақстан Республикасының 1-ші шақырылған Парламенті Мәжiлiсiнің депутаттары да жылы лебіздерін жолдады. Ықыластарына алғысымды білдіремін. Ал, туған жерге зейнеткерлікке шыққаннан кейін түбегейлі қоныс аудару ойымда бар.
– Отбасыңыз туралы тарқатып айта кетіңізші…
– Өмірлік жарым Шарипа Құрбаншақызы екеуміз Ержан мен Бақытжан атты екі ұл тәрбиелеп, өсірдік. Олардан 6 немере сүйіп отырмыз. Үлкеніміз Көкшетау қаласында заң саласында қызмет істейді, ал кенжеміз менің жолымды қуды. Бақытжан бірнеше жыл ҚР Сыртқы істер министрлігінің Орталық аппаратында жұмыс жасағаннан кейін Қазақстанның Өзбекстандағы елшілігінде дипломат болды. Қазір Қазақстанның Польшадағы елшілігінде кеңесші лауазымында. Немерелеріміз жиі қонаққа келіп, әжесі екеумізді қуантып кетеді.
– Сұхбатыңызға рахмет!
Әңгімелескен – Жансая Тәуекелқызы
«Оңтүстік Рабат», №2, 14.01.2015