Мәдениет басқармасының басшысы есеп берді

484

Облыс әкімі А.Мырзахметовтың төрағалығымен өткен мәжілісте ОҚО мәдениет басқармасының басшысы Күлия Айдарбекова өткен жылы өңірдің мәдениет саласында атқарылған жұмыстар туралы баяндады. К.Айдарбекованың айтуынша, өткен жылы өңірімізде 4 республикалық, 1 аймақтық, 21 облыстық деңгейдегі іс-шаралар өткізіліп, облыстағы мәдениет мекемелерінің саны артқан.

005

Атап айтқанда, «Түркістан» сарайы, облыстық драма театры, облыстық тарихи өлкетану мұражайы, салт-дәстүр және әдеп-ғұрып орталығы және ауылдық елдімекендерде 8 мәдениет үйінің құрылысы аяқталып, ел игілігіне берілген. Бүгінде облыста 754 мәдениет және өнер мекемесі халыққа мәдени қызмет көрсетуде.

Өткен жылдың өзінде мәдениет және өнер мекемелеріне қажетті 248 жас маман жұмысқа тұрып, 46 маман біліктілігін арттырған. Сондай-ақ, мүмкіндігі шектеулі 30 азамат мәдениет мекемелеріне жұмысқа қабылданған. Облыстағы 8 кәсіби театрда жаңа 42 спектакльдің премьералары сахналанған. Есепті жылы 101 гастрольдік іс-сапар ұйымдастырылып, облыстық театрлар аудандар мен қалаларға және еліміздің өзге өңірлері мен Қытайда болып қайтты.

Баяндамадан кейін басқарманың жұмысын саралаған облыс әкімі А.Мырзахметов соңғы жылдары өңірдегі мәдениет саласына лайықты көңіл бөлініп, ауқымды тірліктер атқарылғанына тоқталды. Сонымен қатар, ауылдық мәдениет үйлерінің жұмысын бағалау жүйесін қалыптастырып, тиімділігін анықтауды, ондағы бекітілген жұмыс жоспарларының орындалуын қадағалауды жүктеді.

Облыстағы 428 кітапхананың жұмысын жан-жақты талдап, мәдениет мекемелерінде сол нысанның мақсатына сай келетін мазмұнды шаралар ұйымдастыруды міндеттеді. Ішкі туризмді дамыту бағытында өңірдегі барлық мұражайдың жұмысын жүйелі насихаттауға басымдық беруді тапсырды.

Облыстағы екі драма театрдың бірі жаңа ғимаратқа көшсе, екінішісінің ғимаратын күрделі жөндеу жүргізілді. Енді ондағы қойылымдар мазмұндылығымен, өзіндік ерекшелігімен бүгінгі идеологияға сай сахналануы керек деген өңір басшысы биыл облыста бейнелеу өнері мұражайының ашылғанын айтып, мәдениет саласына әкімдік тарапынан жіті көңіл бөлініп отырғанына ерекше тоқталды

Осыған орай саладағы барлық мекемелер жұмыстарының тиімділігін арттырып, өңір жұртшылығының мәдени сұранысын қанағаттандыру бағытында тыңғылықты жұмыс жасауды жүктеді.

Дереккөз: ОҚО әкімі аппаратының баспасөз қызметі