Оңтүстік Қазақстан облысының спортшылары өткен жылы 1222 медаль жеңіп алды. Бұл туралы облыс әкімдігінде өткен есепті жиында облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Әлібек Нұртаев мәлімдеді.
Әлібек Нұрбайұлының хабарлауынша, 2014 жылы облыста жаңа 4 спорт мектебі ашылып, мемлекеттік меншіктегі спорт мекемелерінің саны 80-ге жеткен. Онда спортпен тұрақты шұғылданатын адамдар саны 53 мыңды құрап отыр. Өңірдегі спорт нысандарының саны 5023-ке жеткен (мұның 91-і өткен жылы пайдалануға берілген).
556 мыңнан астам оңтүстікқазақстандық (облыс халқының 20 пайызы) салауатты өмір салтын ұстанып, спортпен шұғылданады. Былтыр бұқаралық спортты дамыту мақсатында 3026 іс-шара өткізіліп, оған 330 мыңға жуық адам қатысқан.
Оңтүстікқазақстандық спортшылар республикалық, халықаралық, әлемдік деңгейдегі спорттық сайыстарға қатысып, 438 алтын, 407 күміс, 377 қола медаль жеңіп алған. Былтыр өңірде Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген 2 спорт шебері, халықаралық дәрежедегі 31 спорт шебері, Қазақстан Республикасының 116 спорт шебері, спорт шеберіне үміткер 972 спортшы дайындалған.