Оңтүстікте Әбілхан Қастеевке арналған көрме өтуде

809
көрмеде шәкірттер еңбегі қойылды

Биыл қоғам қайраткері, Қазақ КСР-інің халық суретшісі Әбілхан Қастеевтың туғанына 110 жыл толады. Осыған орай облыстық әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығында жаңа көрме ашылды.

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=nykESgcPFys[/youtube]

Ұжым Қазақтың ен даласы мен халықтың тектілігін қылқаламына арқау еткен шебер құрметіне оның өміржолынан сыр шертер көрініс ұсынды. Қойылымдағы рөлдерді де өздері сомдады.

көрмеде шәкірттер еңбегі қойылды
Көрмеде шәкірттер еңбегі қойылды

Облыстық әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығындағы тұщымды көрме әдеттегідей дәстүрге емес, оны дәріптеушінің бірі, қазақ кескіндемешісі Әбілхан Қастеевтің құрметіне ашылды. Сән-салтанатымен бастау алған шараның белсенділері — көркемсурет мектебінің шәкірттері. Жас суретшілер көптің алдында тосылмады. Қастеевтің туған жері мен телегей шығармашылығы шәкірттердің ақ қағазынан көрініс тапты.

Бақнұр Жарқын, жас суретші: «Мен қазір Ә.Қастеевтің туған жері — Жаркент ауылын бейнелеп отырмын. Ондағы тұрғындарды да салып жатырмын. Ауылдың тыныс-тіршілігі анық көрінуі үшін қанық, ашық түсті бояуларды қолданамын. Болашақта Әбілхан бабамыз секілді шебер суретші болғым келеді. Бұл — менің арманым».

Көрмеге 100-ге тарта туынды қойылды
Көрмеге 100-ге тарта туынды қойылды

Бала қиялға жан бітірген бейнелер бүгінде ақ қағаздан табылса, бала Әбілханның еңбектері тастан табылған. Сегіз жасынан бастап бай-бағланның қойын баққан оның сол кезде қолында тас пен оны бояу үшін қолданатын арбаға жағатын қара майы ғана болды. Қой соңында жүріп қорым тастардың жылтыр бетіне түрлі жануардың бейнесін бедерледі. Ұшқыр ойы мен шеберлігіне ерік берді. Дара қолтаңбасы бар суреткердің бүгінгі ізбасарларының еңбектері де көрмеде көптің сұранысына ие болуда.

Мырзабай Омаров, қала тұрғыны: «Қастеевтей өнер иесінің жолын қуып, суретті сөйлеткен жастарға тәнті болып, қуанып отырмын. Қазір көрмеден табиғаттың тамаша суретін көрдім, енді оның иесін тауып, бейнені сатып алу ойымда бар».

Бұл күні қылқалам шеберінің өмір жолынан сыр шертер қойылым сахналанды. Рөлдерді кәсіби әртістер емес, облыстық әдет-ғұрып және салт-дәстүр мемекесінің қызметкерлері сомдады.

Айта өтейік, халық суретшісінің құрметіне арналған жас суретшілердің көрмесі 2 апта бойы орталықтың төрінен табылмақ.