Облыс әкімі Асқар Мырзахметов өткізген жиында «Шымкент инновация» ЖШС-нің директоры Досбол Көшербаевтың былтыр атқарылған жұмыстар жөніндегі есебі тыңдалды. Серіктестік директоры айтып өткендей, былтыр облыстық басқармалар мен Шымкент қаласы әкімдігімен бірлесе білім, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы, тұрғын үй және коммуналдық шаруашылық, көлік және экология салаларын қамтитын 21 инновациялық жоба іске асырылған.
Баламалы знергия көздері бағытында жалпы қуаттылығы 753 Мвт болатын 3 жоба іске косылып, 28 жоба жүзеге асырылуда. Өңір жастары арасында үздік идеяларды іріктеу бағытында «Оңтүстік инновация» байқауы өткізіліп, оған 100 адам қатысқан.
Ай сайын өңір аймақтарында инновациялық технологиялар мен үздік тәжірибелерді таныстыру шаралары ұйымдастырылып, семинарлар мен өзге де басқосулар өткізіледі. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде білім саласында мектептегі келім-кетімді бақылаудың автоматтандырылған жүйесі, оқытуға арналған онлайн контент пен қызмет түрлері жобалары іріктелген.
Ал денсаулық сақтау саласы бойынша медицина мекемелеріндегі электрондық тіркеу мен қызмет түрлерін автоматтандыру, дәріханаларда қажетті дәрі-дәрмекті іздестіруге арналған мобильдік қосымша жобалар бар. Ауыл шаруашылығы саласында құстың биоқалдықтарынан органикалық тыңайтқыштар шығару, голландтық технология бойынша жылыжай шаруашылығын құру, т.б. жобалар бар.
Мекеме басшысының есебін талдаған Асқар Исабекұлы сала басшыларына тиімді болған инновациялық жобаларды енгізуде белсенділік таныту керегіне тоқталып, мұндай жобаларды іріктеген кезде ең алдымен экономикалық тиімділігін сарапқа салып, оны іске асырғанда беретін нәтижесін талдау жөн деді.
Жалпы, елге таңсық болған тың жобалар өңір экономикасына келтіретін пайдасы жағынан сұрыпталуы керегін, осы бағытта экономикасы ауыл шаруашылығына бейімделген өңіріміз үшін аграрлық технологияларды енгізудің мәні зор екенін айтқан облыс әкімі осы бағыттағы жұмыстарды жандандыруды тапсырды.
Дереккөз: ОҚО әкімі аппаратының баспасөз қызметі