Шымкент мәдениетімен де көркем болуы тиіс. Таяуда облыс әкімі Асқар Мырзахметов сала басшыларымен бірге қаладағы әлеуметтік және мәдени маңызы бар бірнеше нысандарда болып, онда атқарылып жатқан жұмыстармен танысты, алдағы уақытта қолға алынуы тиіс міндеттерді белгіледі.
Алдымен өңір басшысы Әл Фараби алаңындағы драма театрында жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстарын қадағалады. Былтырғы қыркүйек айында басталған бұл жұмыстар ақпан айында аяқталмақ. Театр интерьерінің безендірілуінде заманауи құрылыс материалдары пайдаланылып, сәулеттік келбеті айшықтала түскен.
Концерт залы дыбыс жаңғырығын бәсеңдетуге арналған материалдармен қапталып, көрермендерге арналған жұмсақ орындықтар қойылған, сахна безендірілуінде озық технологиялар қолданылған.
Өңір басшысы мұнда орыс драма театрының жетекшілерімен кездесіп, еліміздегі үшінші қала мәртебесіне талпынып отырған Шымкентте бүгіннің өзінде бірқатар заманауи мәдениет кешендері салынғанын, бірнеше мәдениет ошақтары заман талабына сай жаңғыртылғанын айтты. Мәдениет нысандарының материалдық-техникалық базасын жаңарту мәселесіне де айрықша көңіл бөлініп отырғанын жеткізді.
Театр репертуарлары көрерменнің елжандылық рухын қалыптастыратын туындылармен толықтырылуы керегіне назар аударған Асқар Исабекұлы «Сала мамандарына жүктеліп отырған ендігі міндет – Шымкенттің өзіндік театр өмірін қалыптастыру» деді. Өнер саласындағы жас буынға барынша қолдау көрсетіп, таланттар өзіміздің сахнамызда тәрбиеленуі керегіне көңіл бөлді.
Дереккөз: ОҚО әкімі аппаратының баспасөз қызметі