Облыс әкімі: «Құжат сақтауда заманауи технологиялар қолданылуы керек»

349

ОҚО мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Нұрлан Шарафиев өзі жетекшілік жасайтын мекеменің 2014 жылы атқарған жұмыстарының қорытындысын облыс әкімі А.Мырзахметовтың төрағалығымен өткен есепті мәжілісте баяндады. Н.Мұхтарұлының айтуынша, облыста 19 мұрағат мекемесінде қор саны 4606 бірлікті құраса, оның ішінде сақтау бірліктерінің саны 1,5 миллионға жеткен.

Жыл сайын ұлттық мұрағат қоры мен жеке құрам бойынша құжат көлемі орта есеппен 30 мың сақтау бірлігіне өсуде. Өткен жылы 12027 басқару құжаты, 227 ғылыми-техникалық құжат, 312 фотоқұжат, 311 жеке тектік құжаттардың сақтау бірлігі, оның ішінде 800 құжат, 378 фотоқұжат пен 52 бейнеқұжат және 10679 жеке құрам құжаты мемлекеттік сақтауға алынған.

«Мәдени мұра» республикалық бағдарламасы аясында шетел мұрағаттарынан өңіріміздің тарихына қатысты құжаттарды іздестіру және олардың көшірмелерін алу жұмыстары жалғасуда. 2014 жылы тамыз айында облыстық мемлекеттік мұрағат қызметкерлерінің арнайы тобы Өзбекстанның мұрағат қорларынан өңір тарихына қатысты құжаттардың көшірмелерін әкелді. Бұл құжаттар мемлекеттік сақтауға алынды.

Есепті мерзімде іс қағаздарын жүргізу және құжаттарды сақтау жағдайы бойынша 34 мекемеде жоспарлы тексеру жүргізілген. Облыс аумағындағы мұрағаттар өткен жылы 38 мыңнан астам Қазақстан және шетел азаматтарына қызмет көрсеткен. Есепті мерзімде заңды және жеке тұлғалардан 38933 сұраныс келіп түскен.

Оның 9234 сұранысы мұрағатқа тікелей жолданса, 29699 сұраныс халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы келген. Бүгінде Шымкент қалалық мұрағатының ғимарат мәселесі облыс әкімдігінің қолдауымен өз шешімін тауып, құрылыс жұмыстары басталған. Аталған нысан биыл пайдалануға беріледі деп күтілуде.

Жиынды қорытындылаған облыс әкімі құжаттарды сақтауда заманауи технологияларды қолдануды, жинақталған құжаттардың дерекқорын қалыптастыруды және айтулы даталар бойынша деректерді салалық мемемелерге ұсынып отыруды міндеттеді.

ОҚО әкімі аппаратының баспасөз қызметі