Интернет – алысты жақындатып, ақпаратты лезде алуға жағдай жасайтын жүйе екені бәріне белгілі. Соның ішінде білім мен ғылым саласындағы кеңістікті арттыруда үлкен септігін тигізуде. Заманауи ақпараттық инфрақұрылымдарды құру мақсатында да интернеттің пайдасы мол. Қолданыстағы қолжетімділік құқығын үйлестіріп, құқықтық жиек аясында елімізде электронды үкімет ақпараттық қоры құрылған болатын.
Соның арқасында республикалық, жергілікті атқарушы органдардың ресми web-сайттары іске қосылды. Мақсат – ел мен билік арасын байланыс-тырып, халыққа тиімді қызмет көрсетуді қамтамасыз ету. Интернет ресурстарды іске қосып, оны тұрақты жүргізіп отыруға қаржы да қарастырылған, тиісті мекемелерге жауапкершілік те жүктелген. Өйткені сұраныс бар. Интернет ресурстары арқылы талай есікті қағып, табан тоздырмай-ақ, үйде отырып, қажетті анықтаманы алып, салық төлеуге болады. Тіпті некеге тұруға да мүмкіндік қарастырылған. Интернет ресурстары уақыт үнемдеу үшін ғана емес, мемлекеттік қызметті алу қолжетімсіз болып отырған аумақ халқы үшін пайдасы мол. Оның шарапатын көріп отырғандар аз емес. Олардың қатарында оңтүстік халқы да бар. Бірақ, кейбір жергілікті атқарушы органдардың (аудан, қалалардағы) ресми сайттары тиісті деңгейде жұмыс жүргізіп отыр деп айта алмаймыз.
Web-сайт дегеніміз – арнайы техникалық және бағдарламалық құралдар арқылы ақпаратты бұқараға тарату желісі. Онда бір мекенжайға біріктірілген компьютер желісіндегі жеке тұлғаның немесе ұйымның электронды құжаттар жиынтығы бар.
www.akorda.kz – Қазақстан Рес-публикасы Президентінің ресми сайты
www.parlam.kz – Қазақстан Республикасы Парламентінің ресми сайты
www.government.kz – Үкіметтің сайты
www.e.gov.kz – Электрондық үкіметтің сайты
www.ontustik.gov.kz – Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің ресми сайты
Облысқа қарасты аудан, қала әкімдіктері ресми сайттарының ахуалын таразыға салмас бұрын, ғаламторды біраз ақтарып шықтық.
Шымкент қаласы әкімдігінің ресми сайтындағы «билік» бөлімінде жарияланған құқықтық-нормативтік базада Оңтүстік Қазақстан облысына қарасты қала, аудан әкімдіктерінің ресми интернет-ресурстарының мониторингісі туралы мәлімет бар. Осы ретте айта кетейік, облыста қазіргі уақытта 15 интернет-ресурсы (жергілікті атқарушы орган) бар. 2014 жылдың алғашқы жартыжылдығындағы қорытынды бойынша облысқа қарасты 5 аудан, қала әкімдіктерінің ресми сайттарына кіру мүмкін емес еді. Олар: Түркістан қаласы мен Бәйдібек, Сайрам, Отырар және Шардара аудандары. Мониторинг нәтижесінде ресми сайттардың қолжетімділігі, ақпаратқа толықтығы мен өзектілігі бойынша рейтинг де түзілген. (1-кесте)
Ресми сайттардың ақпаратқа толықтығын анықтауды біз де өзімізше тізбектеп көрдік. Сөйтіп аудан, қала әкімдіктерінің ресми сайттарында соңғы жарияланған материалдарды негізге алдық. Нәтиже көңіл көншітті деп айта алмаймыз (2-кесте). Тіпті кейбір web-сайттағы ақпараттарды қарап шығу түгілі, онда кіру мүмкін болмады. Сонымен ит тұмсығын тыға алмастай етіп сайт ашып қойғандар: Қазығұрт, Төлеби, Сарыағаш ауданы мен Кентау қаласы әкімдігінің ресми сайттары. Ал Түркістан қаласы әкімдігінің web-сайтын белгісіз себептерге байланысты ашу мүмкін болмады (13.01.2015 ж).
Түйін:
Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігі ресми web-порталының регламентінде әр айдарға (оның ішінде аудан, қала әкімдіктері де бар) жауаптылар мен мәліметтерді жаңарту мерзімі көрсетілген. Бірақ, оған бәрі бірдей бағына бермейтін секілді. Бәлкім маман жетіспейді ме? Бірақ, қазір екінің бірі компьютерді меңгерген заман. Шын қаһарына мінсе, теңізді тасытып, тауыңды аласартатын маман аудан, ауылдан да табылады.
Әлем бойынша ең алғашқы сайт 1990 жылы пайда болды. Жасаушысы – Бернерс Тим. Бүгінде ол интернет стандарттарын өңдеумен және енгізумен айналысатын Бүкіләлемдік өрмекші торына негізделген консорциумына басшылық етеді.
Қаржы тапшы деуге де келмейтін сияқты. Өйткені тура сол секілді өзге қала, аудандар ақпаратын таратып, хабарландыруын жариялап, өзіне жүктелген міндетін орындап отыр. Біздікі көзге көрінбес жемтікке шүйлігу емес, елде орын алып жатқан жайттардан қарапайым халық дер кезінде хабардар болып, көкейіндегі сауалдарына жауапты оңай тапса деген тілек қана.
Жансая ТӘУЕКЕЛҚЫЗЫ
«Оңтүстік Рабат», №2, 14.01.2015