Шардара қаласының Қанай датқа шағынауданында жаңа 10 коммуналдық үйдің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Төрт бөлмелі тұрғын үйдің кілтін иелеріне аудан әкімі Қ.Айтөреев табыстады. «Қолжетімді тұрғын үй – 2020» бағдарламасы аясында салынған үйлердің құрылсына облыстық бюджеттен 83 млн. 496 мың теңге бөлініп, толығымен игерілді.
Заман талаптарына сай етіп салынған үйлерге жылу мен су жүйелері жүргізілген. Аудан басшысы тұрғындарды жаңа жыл мерекелерімен құттықтап, қоныс иелеріне кілем тарту етті.
«Халықты тұрғын үймен қамту жұмысы алдағы уақытта да жалғасын таба беретін болады. Қазіргі таңда құрылысы жүріп жатқан 24 пәтерлі 4 қабатты үй келер жылы пайдалануға берілмек. Сондай-ақ, 40 пәтерлі тұрғын үйдің жобалық-сметалық құжаты дайындалып, 2015 жылы құрылысы басталады» деді аудан әкімі.
Жаңа жылда жаңа қонысқа қоныстанған отбасылар өз ризашылықтарын білдірді.
Осы күні Ақшеңгелді ауылдық округіне қарасты Егізқұм елдімекенінің тұрғындары да үлкен қуанышқа бөленді. Мұнда «Ақбұлақ» бағдарламасы аясында құрылысы жүргізілген ауыз су нысаны ел игілігіне пайдалануға берілді.
Облыс әкімінің бастамасымен қолға алынған ауыз су құбырының құрылысы облыс бюджетінен қаржыландырылып, 2 су ұңғымасы, сыйымдылығы 50 текшеметрлік 2 су сақтау резервуары, сағатына 25 текшеметр су тұщыту қондырғысы салынды. Енді ауылдағы 284 отбасы сапалы ауыз суға қол жеткізіп, облыс басшылығына жаңа жыл қарсаңында жасалған тартуға ризашылықтарын білдіруде.
Дереккөз: ОҚО әкімдігі аппаратының баспасөз қызметі